Оңай табыстың опық жегізері: дропперлік – қылмыстық жауапкершілікке бастайтын жол

WhatsApp Image 2026-11-25 at 10.54.37

Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың дамуы адам өмірін едәуір жеңілдеткенімен, интернет кеңістігінде жаңа қауіп-қатерлер де көбейіп келеді. Соның бірі – дропперлік. Бұл – алаяқтық жолмен алынған ақшаны аудару, қолма-қол ақшаға айналдыру немесе ізін жасыру мақсатында азаматтардың банк карталары мен шоттарын пайдалану арқылы жүзеге асырылатын заңсыз әрекет.

Өкінішке қарай, мұндай схемаларға көбіне жастар мен студенттер, тіпті кәмелетке толмағандар да тартылып жатады. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «оңай табыс», «тәжірибесіз жұмыс», «бірнеше минутта ақша табу» деген мазмұндағы ұсыныстар жиі кездеседі. Мұндай хабарландырулардың артында алаяқтық схемалар тұруы мүмкін. Аз ғана сыйақыға қызыққан азамат өзінің банк картасын немесе шотын бөгде адамдардың пайдалануына беріп, қылмыстық әрекетке еріксіз емес, саналы түрде қатысушыға айналуы ықтимал.

Дропперлерді қалай арбайды?

Дропперлік схемасы көбіне қарапайым ұсыныстан басталады. Белгісіз адамдар азаматтарға банк картасын пайдалануға беруді, өз атына шот ашуды немесе мобильді банкингке қолжетімділік ұсынуды сұрайды. Оның орнына белгілі бір мөлшерде сыйақы уәде етеді.

Кейін бұл шоттарға интернет-алаяқтық құрбандарынан түскен қаражат аударылып, басқа есепшоттарға жіберіледі немесе қолма-қол ақшаға айналдырылады. Осылайша, алаяқтар өздерінің ізін жасырып, заңсыз жолмен алынған ақшаның қозғалысын қиындатады.

Ал мұндай әрекетке барған азаматтар көбіне өз шоттары арқылы қандай қаражат өтіп жатқанын және оның кімге тиесілі екенін білмеуі мүмкін. Дегенмен банк шотының иесі үшін бұл жағдай жауапкершіліктен босататын негіз болып саналмайды. Сондықтан кез келген адам өз қаржылық деректерінің қауіпсіздігіне мұқият қарауы тиіс.

Заң талаптары күшейтілді

Қазақстанда дропперлікпен күрес бағытында заңнамалық шаралар да күшейтілді. 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне дропперлік әрекеттер үшін жауапкершілікті көздейтін 232-1-бап енгізілді.

Аталған бапқа сәйкес, құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына қарай айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілеумен жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұл – банк картасын немесе шотын бөгде адамдарға берудің жай ғана қаржылық операция емес, заң алдында жауапкершілікке әкелуі мүмкін әрекет екенін көрсетеді. Сондықтан «тек картамды бердім», «ақшаның қайдан келгенін білмедім» деген уәждерге сүйеніп, мұндай ұсыныстарға келісу үлкен қателік болуы мүмкін.

Аз ғана сыйақы, үлкен жауапкершілік

Дропперлік мәселесі Ақмола облысында да өзекті болып отыр. Өңірлік пробация қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыста осы құқық бұзушылық үшін сотталған алты азамат есепте тұр.

Олардың арасында аз ғана қаржылай сыйақыға қызығып, өздерінің банк шоттарын бөгде адамдардың пайдалануына берген азаматтар бар.

Мәселен, бір жағдайда 29 жастағы ер адамның банк шоты арқылы 220 мың теңге аударылған. Ол осы әрекеті үшін небәрі 8 800 теңге алған. Ал тағы бір жағдайда өңір тұрғынының шоты арқылы бір миллион теңгеден астам қаражат өткен. Оның алған сыйақысы 15 мың теңгені құраған.

Бұл деректер аз ғана пайдаға қызығудың соңы үлкен жауапкершілікке ұласуы мүмкін екенін аңғартады. Бір сәттік табыс үшін адамның өз болашағына балта шабуы, заң алдында жауап беруі – ескерусіз қалдыруға болмайтын мәселе.

Алдын алу жұмысы – ортақ міндет

Ақмола облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Әсіресе жастар арасында профилактикалық шараларға басымдық берілуде. Білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында кездесулер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдар мен бейнероликтер жарияланады. Негізгі мақсат – азаматтарға дропперліктің қауіптілігін түсіндіріп, олардың алаяқтық схемаларға тартылуына жол бермеу.

Мұндай жағдайда әр азамат қарапайым қауіпсіздік талаптарын есте ұстауы қажет. Банк картасын, шот деректерін және мобильді банкингке кіру мәліметтерін бөгде адамдарға беруге болмайды. Сондай-ақ SMS арқылы келетін растау кодтарын, PIN-кодтар мен құпиясөздерді ешкімге хабарламаған жөн.

Егер азамат өзінің банк картасы немесе шоты күмәнді операцияларға пайдаланылғанын байқаса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттап, құқық қорғау органдарына жүгінуі керек.

Құқықтық мәдениет – қауіпсіз қоғамның негізі

«Заң мен тәртіп» қағидаты тек қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтаумен шектелмейді. Ол әр адамның күнделікті өмірдегі әрекетінен, заңға құрметінен және өз жауапкершілігін сезінуінен көрініс табады. Бұл талап цифрлық кеңістікте де өз маңызын жоғалтпайды.

Бүгінде интернет-алаяқтықпен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әр азамат өзінің қаржылық қауіпсіздігіне бейжай қарамай, күмәнді ұсыныстардан сақтанып, айналасындағыларды да ескертіп отырғаны маңызды.

Өйткені оңай табыс туралы әрбір ұсыныс шын мәнінде табыс көзі бола бермейді. Кейде бірнеше мың теңге үшін жасалған бір ғана қате қадам адамның тағдырына әсер етуі мүмкін.

Заңды білу, оны құрметтеу және талаптарын сақтау – қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптастырудың басты шарты.