Күдікті қоңыраулардан сақ болыңыз: дербес деректеріңізді қалай қорғауға болады?
Қазіргі таңда интернет-алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, алдау әрекеттерін жасауда.
Алаяқтар азаматтардың аты-жөнін, ЖСН-ін, мекенжайын және басқа да мәліметтерін түрлі ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен тараған деректер арқылы иеленуі мүмкін. Сондықтан жеке ақпаратты білу қоңырау шалушының шынайы қызметкер екенін білдірмейді.
Деректердің таралуын қалай тексеруге болады?
Қазақстандықтар eGov Mobile қосымшасындағы «Заң және тәртіп» бөлімінде орналасқан Nomad Guard сервисі арқылы белгілі деректердің жылыстауы туралы ақпаратты тексере алады. Сондай-ақ күдікті сайттар мен сілтемелерді тексеруге мүмкіндік бар.
Алаяқтықтың негізгі белгілері:
- Сіз сұратпаған SMS-кодтардың келуі;
- Бейтаныс құрылғылардан аккаунтқа кіру туралы хабарламалар;
- Банк шотындағы күдікті операциялар;
- Өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері деп таныстырған адамның шұғыл әрекет етуді талап етуі;
- Ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе кредит рәсімдеуді ұсынуы.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
- SMS-кодтарды, құпиясөздерді және банк картасының деректерін ешкімге айтпаңыз.
- Күдікті қоңырауды тоқтатып, ұйымға тек ресми нөмірі арқылы хабарласыңыз.
- Бейтаныс адамдардың өтінішімен қосымшалар орнатпаңыз және телефонға қашықтан қолжетімділік бермеңіз.
- Банк операциялары мен кредиттік тарихыңызды тұрақты тексеріңіз.
- Қажет болған жағдайда eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы «Стоп-кредит» қызметін қосыңыз.
Егер алаяқтарға құпия ақпарат беріп қойсаңыз немесе күдікті қаржылық операция анықталса, дереу банкке хабарласып, қажетті шектеу шараларын қабылдаңыз. Алаяқтық фактілері туралы полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлауға болады.
Есте сақтаңыз: алаяқтар сіз туралы нақты мәліметтерді білуі мүмкін. Алайда бұл олардың сенімді адам екенін білдірмейді. Қандай жағдай болмасын, асығыс шешім қабылдамай, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз.