Жарқайың ауданында 82 жастағы әже дауыс берді

2026-11-29_10-42-46

Жарқайың ауданында мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы жалғасуда. Бүгін сайлау учаскелеріне әртүрлі буын өкілдері келіп, өз таңдауларын жасауда. Ел өміріндегі маңызды қоғамдық оқиғадан аға буын өкілдері де шет қалған жоқ.

№483 сайлау учаскесінде 82 жастағы Сара Жаныспаева дауыс берді. Жасына қарамастан, Сара апа сайлау учаскесіне өзі келіп, азаматтық құқығын пайдаланып, өз таңдауын жасады.

Дауыс беруден кейін ақ жаулықты әженің ақ батасын беруі ерекше әсерлі сәт болды. «Батамен ел көгерер» демекші, халқымыздың ізгі дәстүрін жалғастырған Сара апа жерлестеріне амандық, зор денсаулық, елімізге бейбітшілік, береке мен өркендеу тіледі.

Аға буын өкілдерінің сайлауға қатысуы – өскелең ұрпақ үшін азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Бұл туған өлкенің болашағын айқындауда әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін көрсетеді.

Еске сала кетейік, Жарқайың ауданының сайлау учаскелерінде дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.