Департаментке жүгінгеннен кейін монша кешеніне жасалған броньды жоюға байланысты дау реттеліп, тұтынушыға қаражат толық көлемде қайтарылды
2026 жылғы 5 тамызда тұтынушы монша кешенінің қызметтеріне 120 000 теңге көлемінде төлем жасаған. Кешенге бару бастапқыда 2026 жылғы 21 тамызға жоспарланған.
Балаларының ауырып қалуына байланысты тұтынушы алдын ала қызмет көрсетушіге бара алмайтынын хабарлап, тараптардың келісімі бойынша броньды 2026 жылғы 28 тамызға ауыстырған. Кейіннен балалардың ауруы жалғасуына байланысты тұтынушы қызметті пайдалана алмайтынын қайта хабарлаған.
Тұтынушының бұрын ұсынған мәліметтеріне сәйкес, осыдан кейін қызмет көрсетуші броньды басқа күнге ауыстыру мүмкіндігін растауды жалғастырған, сондай-ақ алдын ала төлем сақтала отырып, броньның ашық күйінде қалдырылғанын хабарлаған.
2026 жылғы қыркүйекте тұтынушы қызметтен түпкілікті бас тарту туралы шешім қабылдап, қызмет көрсетушіге төленген 120 000 теңгені қайтаруды талап еткен. Алайда ақшалай қаражатты қайтарудан бас тартылғандықтан, тұтынушы өз құқықтарын қорғауға жәрдем көрсету үшін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Департамент тарапынан тұтынушымен (өтініш берушімен) ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптары түсіндірілді.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мәселе оң шешімін тауып, 120 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат тұтынушыға толық көлемде қайтарылды.
Тұтынушы Департамент мамандарына көрсеткен көмегі және заңды құқықтарын қалпына келтіруге жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.