Референдум2026: Ақмола облысындағы сайлау учаскелерінде тақырыптық фотозоналар ұйымдастырылды
Ақмола облысындағы сайлау учаскелерінде референдум символикасы мен #Референдум2026 хэштегі бейнеленген тақырыптық фотозоналар безендірілді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – дауыс беру учаскелерінде ашық әрі заманауи атмосфера қалыптастыру және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу белсенділігін арттыру.
Фотозоналар баннерлер мен пресс-стендтер түрінде жасақталып, қосымша навигациялық элементтермен және символикалық инсталляциялармен толықтырылған. Барлық көрнекі материалдар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес рәсімделіп, тек ақпараттық-коммуникациялық мақсатта пайдаланылуда.
Алғашқылардың бірі болып мұндай тақырыптық фотозоналар Көкшетау қаласындағы сайлау учаскелерінде орнатылды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары дауыс бергеннен кейін референдум символикасы бейнеленген баннерлер аясында естелік суретке түсіп, оларды әлеуметтік желілерде бөлісуде.
Осындай жұмыс Қосшы қаласында да жүргізілді. Сайлау учаскелерінде бірыңғай визуалды элементтермен безендірілген фотозоналар орнатылып, қала тұрғындары естелік суреттерге түсіп, оларды #Референдум2026 хэштегімен әлеуметтік желілерде жариялауда. Бұл өз кезегінде азаматтық белсенділік пен қоғамдық диалогтың нығаюына ықпал етуде.
Айта кету керек, мұндай фотозоналар Ақмола облысының барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде орналастырылған. Олар дауыс беру күні азаматтардың ақпараттану деңгейін арттыруға және қоғамда оң қоғамдық атмосфера қалыптастыруға бағытталған кешенді ақпараттық жұмыстың бір бөлігі болып табылады.




