«Прокурор сағаты»: оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жоба
Ақмола облысында прокуратура органдарының бастамасымен Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған «Прокурор сағаты» атты ауқымды әрі әлеуметтік маңызы зор жоба жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыру, заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен балалар арасындағы жарақаттанудың алдын алу.
Жоба өңірдегі барлық мектептерде енгізіліп, 6–11 сынып оқушылары үшін сынып сағаттары мен интерактивті сабақтар форматында өткізіледі. Оқыту бағдарламасы жылына 30 сағатқа есептелген және жеті тақырыптық модульден тұрады. Онда Конституция негіздері, құқықтық тәртіп, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі, жеке және қоғамдық қауіпсіздік, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғаудағы отбасы мен мектептің рөлі қамтылған.
Сабақтардың практикалық бөлігіне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, өмірлік жағдайларды талдау, кейстік тапсырмаларды шешу, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық істер бойынша көрсетілімдік сот процестеріне қатысу қарастырылған. Іс-шараларды өткізуге құқық қорғау органдарының қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметі, денсаулық сақтау саласының мамандары және басқа да бейінді мамандар тұрақты түрде тартылады.
Бүгінгі таңда жоба облыстағы 110-нан астам мектепті қамтып, оған 5 мыңға жуық оқушы қатысқан.
Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлының айтуынша, бұл жоба кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда ерекше маңызға ие.
«Біздің мақсатымыз – балаларға заңды жай ғана түсіндіру емес, олардың өз әрекеттерінің салдарын ұғынуына және құқықтарын заңды жолмен қорғай білуіне үйрету. “Прокурор сағаты” – оқушылармен ашық әрі мазмұнды диалог орнатуға мүмкіндік беретін жоба. Ол жас кезден бастап өмірге жауапкершілікпен қарау мен заңға құрмет сезімін қалыптастырады», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ ол жобаның өңір үшін бірегей екенін және оның тек құқық бұзушылықтардың алдын алуға ғана емес, зорлық-зомбылықтың жолын кесуге, буллинг пен кибербуллингтің профилактикасына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Кездесулер барысында прокуратура қызметкерлері нақты мысалдар арқылы оқушылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың басты міндеті екенін ерекше атап өтеді. Іс-шара соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты әрі нақты жауаптар алады.
«Прокурор сағаты» жобасының жүзеге асырылуы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда жүйелі тәсілдің қалыптасқанын көрсетіп, қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға ықпал етуде.
Ресми мәлімет бойынша.