Президент Ашхабад қаласына барды
Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысу үшін Ашхабад қаласына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.
Әуежайда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
– Түрікменстан басшылығының осы маңызды іс-шараға шақыруын ерекше ықыласпен қабыл алдым. Ертең талқыға түсетін мәселелер қазіргідей алмағайып, бұлыңғыр жағдайда әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы аясында өте өзекті деп ойлаймын. Аталған форум табысты өтетініне сенімдімін. Бұл басқосу Түрікменстанның жаһандық ауқымдағы ахуалды тұрақтандыруға, сондай-ақ Орталық Азиядағы достық пен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынасты нығайтуға қосқан тағы бір елеулі үлесі болмақ, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің жақында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарына оң баға беріп, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті.
Дереккөз: Telegram арнасы: @aqorda_resmi