Ерейментау ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары пысықталуда

WhatsApp Image 2025-03-07 at 09.31.41

Ерейментау ауданында су тасқыны қаупі жоғары кезеңге ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Су басу қаупі бар аймақта 11 елді мекен, соның ішінде Ерейментау қаласы орналасқан. Көктемгі су тасқынына өңірдің қалай дайындалып жатқаны туралы аудан әкімінің орынбасары Ербол Құттыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

«Ерейментау қаласында арық жүйелері орнатылып, олардың өткізгіштік қабілеті арттырылды, еріген қар суын бұру үшін жер бөгеттері салынды. Ауылдық округтерде бөгеттер нығайтылып, Сілеті, Құмай және Өлеңті өзендерінің арналарын тазарту және тереңдету жұмыстары жүргізілді», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Мұнда Сілеті су қоймасы, Шымбұлақ, Өлеңті және Бәймен бөгеттері тәрізді төрт гидротехникалық құрылғы бар. Барлығы қанағаттанарлық жағдайда, алайда Баймен бөгеті жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

«Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 2,14 млн теңге жанар-жағармай, құрғақ тағам мен қап сатып алуға бөлінді. Бұдан бөлек, мұз кептелісінің алдын алу үшін жарылыс жұмыстары жоспарланған», – деп атап өтті Ербол Құттыбаев.

Су тасқынының ықтимал салдарын жоюға 46 адамдық жеке құрам мен 24 бірлік техника дайындалды, олардың қатарында экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар және тұрғындарды эвакуациялауға арналған машиналар бар. Сондай-ақ қосымша техника тарту үшін кәсіпорындармен меморандумдар жасалды.

Бүгінгі таңда елді мекендерден 39,4 мың текше метр қар шығарылды. Су тасқынына қарсы күрес үшін жанармай, қаптар мен инертті материалдар әзірленген.

«Су тасқыны кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары ерекше бақылауда», – деп қорытындылады аудан әкімінің орынбасары.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

ru_RUРусский