Ақмолада жаңа оқу жылында 67 мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады

WhatsApp Image 2025-08-27 at 10.16.39

Жаңа 2025–2026 оқу жылында Ақмола облысында 67 мыңға жуық мектеп оқушысы ыстық тамақпен қамтылады. Оның ішінде бастауыш сыныптағы балалармен бірге әлеуметтік санатқа кіретін жоғарғы сынып оқушылары да бар, Бұл туралы брифинг барысында облыстық білім басқарма басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Биыл өңір мектептеріндегі жалпы оқушы саны 143 мыңнан асады. Ал 1-сыныпқа жоспарланғаннан да көп бала қабылданған: күтілген 12 мыңнан артық, шамамен 12,7 мыңға жуық оқушы білім табалдырығын аттады.Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенованың айтуынша, жаңа оқу жылында тегін тамақ барлық мемлекеттік мектептерде ұйымдастырылған.
«Бастауыштағы барлық оқушылар толық қамтылды. Сонымен қатар әлеуметтік санаттағы жоғары сынып оқушылары да ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінді. Балалардың дұрыс тамақтануы – біздің басты назарымыздағы мәселе», – деді ол.
Жаңа талаптарға сәйкес, енді әр мектепте маусымдық мәзір әзірленіп, бекітілген. Оқушы жасына қарай тамақтану құны да белгіленген. Бұдан бөлек, өңір мектептерінде заманауи бақылау жүйелері орнатылып, олар «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен біріктірілді.Спикердің айтуынша, осы жылы тамақтану стандарттарын бекіту құзыреті Денсаулық сақтау министрлігіне берілген.
«Бұрынғыдай әр өңір өз бетінше мәзір жасамайды. Қазір барлық мектептерге бірыңғай стандарт бойынша дайындалған мәзір жеткізілді. Бұл балалардың денсаулығы мен тамақ сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді», – деді Ботагөз Дүйсенова.
Жаңа оқу жылында енгізілген бұл өзгерістер Ақмоладағы оқушылардың сапалы әрі теңгерімді тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

ru_RUРусский