Ақмола өңірінде «Уылдырық шашу» акциясы басталды
Көктем шығысымен су айдындарындағы балықтардың уылдырық шашу кезеңі басталады. Осыған байланысты Есіл бассейнінің су айдындарында балық ресурстарын қорғау мақсатында арнайы шектеулер енгізілді. Бұл шаралар туралы брифинг барысында Есіл өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Ақмола облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Төлеген мәлімдеді.
Биылғы жылы балық аулау ережелеріне маңызды өзгерістер енгізілген. Мамыр айының ортасынан бастап жаңа бұйрық күшіне енеді. Соған сәйкес, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының аумағындағы барлық су айдындарында балық аулауға толықтай тыйым салынады. Сонымен қатар Есіл, Нұра, Сілеті өзендерінде және олардың барлық салаларында сәуірдің жиырмасынан мамырдың жиырмасына дейін балық аулауға болмайды. Жекелеген балық түрлеріне де нақты мерзімдер белгіленген. Мысалы, шортан, аққайран және көксерке балықтарын сәуірдің ортасынан мамырдың ортасына дейін аулауға шектеу қойылды. Ал сазан балығы үшін бұл мерзім мамыр мен маусым айларының аралығын қамтиды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта аймақта «Уылдырық шашу» акциясы басталды. Осыған орай балық инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Бұл бірлескен жұмыс құқық бұзушылықтарды тез анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осы ретте Ақмола облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Төлеген тұрғындарға өз үндеуін жолдады:
«Біздің басты мақсатымыз — балықтардың уылдырық шашу кезеңінде оларға тыныштық сыйлау. Егер біз бүгін табиғат заңдылықтарын сақтамасақ, ертең су қоймаларымызда балық қоры азайып кетуі мүмкін. Сондықтан әрбір азаматты заң талаптарына құрметпен қарап, балық ресурстарын бірге қорғауға шақырамын»,-деді басшы.
Заң бойынша инспекторлардың өкілеттігі айтарлықтай кеңейтілген. Олар су жағасындағы азаматтардың құжаттарын тексеруге, күмәнді көліктер мен қайықтарды тоқтатып, ішін тінтуге құқылы. Егер заңсыз ауланған балық немесе тыйым салынған құралдар табылса, олар тәркіленеді. Сондай-ақ заң бұзушылық кезінде қолданылған қару-жарақтар да уақытша алынуы мүмкін. Инспекторлардың заңды талаптарына бағынбағандар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Биылғы жылдың алғашқы үш айында инспекторлар біршама жұмыс атқарды. Қазірдің өзінде қырықтан астам әкімшілік материал тіркеліп, жиырма алтыға жуық заңсыз балық аулау құралы алынды. Сондықтан балықшылар қауымына айыппұл арқалап, заң алдында жауап бермес үшін шектеу мерзімдерін қатаң сақтауды ескертеді мамандар.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі