Ауыл Әйелдері Форумы Ақкөлде өтті: Бірлік, Даму және Болашаққа бағытталған жаңа қадам
2025 жылғы 4 желтоқсанда Ақмола облысының Ақкөл ауданында еліміздің ауыл әйелдерін біріктірген маңызды оқиға – «Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты республикалық қорытынды форум өтті. Шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Ауыл» партиясы және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Форумға еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық қатысушы жиналып, ауыл әйелдерінің экономикалық және әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында пікір алмасты.
Форум жұмысы ауыл шаруашылығы өнімдері, отандық өндіріс тауарлары, қолөнер туындылары ұсынылған көрмеден басталды. Қатысушылар ауыл кәсіпкерлерінің еңбегімен, олардың жаңа өнімдері мен технологиялық шешімдерімен танысуға мүмкіндік алды.
Ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов құттықтау сөз сөйледі. Ерболат Байұзақұлы ауыл әйелдерінің қоғамдағы рөлінің артып келе жатқанын айта отырып, олардың кәсіпкерлігін қолдау бағытындағы заңнамалық жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен ауыл әйелдерінің әлеуетін ашу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін айтты. «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов ауыл әйелдерінің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету партия жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді.
Форум барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар да қатысушыларға жүрекжарды тілектерін жолдады.
Пленарлық сессияда ауыл әйелдерінің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, олардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, ауылдық аумақтарда жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. «TechnoWomen» қауымдастығының мүшесі, кәсіпкер Ғалия Оразалинова жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің ауылдағы бизнеске қосар үлесі туралы айтып берді. «QAZAQ UY» ЖШС директоры Алтынай Тәңірбергенова ұлттық киіз үй өндірісін заманауи тәсілдермен үйлестіру тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар Юлия Барсукова мен Жұма Нұрғалиева ауыл кәсіпкерлігінің табысты үлгілерін бөліссе, депутат Ләззат Сейткереева қазақ әйелінің қоғамдағы маңызын ерекше атап өтті.
Сұрақ-жауап сессиясынан кейін қатысушыларға отандық дизайнерлер дайындаған ұлттық нақыштағы киімдер коллекциясынан дефиле ұсынылды. Форум аясында қонақтар «Smart Aqkol» технологиялық хабы мен Республикалық ғарыштық байланыс орталығында да болып, өңірдің цифрлық мүмкіндіктерімен танысты.
Форум қорытындысында ауыл әйелдеріне жүйелі қолдау көрсетудің, ауыл кооперациясын дамытудың, экспорттық әлеуеті бар бастамаларды күшейтудің маңыздылығы атап өтілді. Ақкөлде өткен бұл форум ауыл әйелдерінің жаңа мүмкіндіктерге қадам басуына, тәжірибе алмасуына және өз әлеуетін ашуға серпін берген маңызды алаң болды.
Дереккөз: Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы








