Сатып алудан бас тартуға және қолма-қол ақшаны қайтаруға көмектесті

WhatsApp Image 2026-11-26 at 11.00.00

2026 жылғы 31 тамызда тұтынушы Instagram-дүкен арқылы муассаниттері бар білезікке 59 990 теңге тұратын тапсырыс рәсімдеген. Сатушының талаптарына сәйкес, тапсырысқа сыйлық ретінде пусеттер де берілуі тиіс болған.

Төлемді бөліп төлеу арқылы жүзеге асыруды таңдаған кезде тұтынушыға қосымша 10 000 теңге төлеу қажеттігі хабарланып, бұл сома банк комиссиясы ретінде түсіндірілген.

Тапсырыс рәсімделіп, төлем жасалғаннан кейін тауарды жеткізу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген. Тауарды бастапқыда келісілген мерзімде ала алмаған тұтынушы тапсырысты жоюды, ақшалай қаражатты қайтаруды және бөліп төлеуді тоқтатуды талап еткен. Алайда сатушы тауардың «акция бойынша» сатып алынғанын алға тартып, қайтаруды қабылдаудан бас тартқан.

Кейіннен тауар жеткізілгенімен, ол елеулі кешігумен — кешкі уақытта жеткізілген. Тауарды алғаннан кейін тұтынушы білезіктің тапсырысты рәсімдеу кезінде таңдалған сипаттамаларға сәйкес келмейтінін анықтаған: өлшемі шамамен 2,5 мм болатын тастардың орнына шамамен 4,5 мм тастары бар білезік жеткізілген.

Осы жағдайға байланысты тұтынушы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгініп, түсініктеме және өз құқықтарын қорғауға жәрдем көрсетуді сұраған.

Департаменттің түсіндірмесін алғаннан кейін аталған сатып алуға рәсімделген бөліп төлеу жойылған.

Бұл жағдай әлеуметтік желілер арқылы тауарларды сатып алу кезінде тұтынушылардың құқықтарының сақталуына қатысты бірқатар мәселелерді көтереді. Атап айтқанда, тауардың толық құны туралы ақпаратты ұсыну, бөліп төлеуді рәсімдеу кезінде қосымша төлемдер алу, тауарды жеткізу мерзімдерін сақтау және нақты жеткізілген тауардың мәлімделген сипаттамаларға сәйкестігі мәселелері қамтылады.