Қазақстан ғылым мен бизнестің ықпалдастығын күшейтуде: жаңа технологиялар, халықаралық әріптестік және өңірлердің дамуы
Қазақстанда ғылымның экономиканың нақты секторымен ықпалдастығы күшейіп келеді. Қолданбалы зерттеулерді дамытуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, инженерлік-технологиялық инфрақұрылымды қалыптастыруға және өңірлік ғылыми-инновациялық жүйелерді дамытуға басымдық берілуде.
Ғылым мен бизнес: зерттеу идеяларынан өнеркәсіптік шешімдерге дейін
2024–2025 жылдары 700-ден астам ғалымның қатысуымен 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізілді. Олардың қорытындысы бойынша бизнес өкілдерінің сұраныстары негізінде 17 ғылыми-техникалық тапсырма әзірленіп, ERG компаниясымен келісімшарттар жасалды.
2026 жылы бұл тәжірибе Павлодар, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қатысуымен одан әрі дамытылды. Аталған жұмысқа 50-ден астам кәсіпорын тартылды. Бұл ретте жобаларды бизнес тарапынан кемінде 30% мөлшерінде міндетті бірлесіп қаржыландыру көзделген.
Зерттеулердің негізгі бағыттары тау-кен металлургия кешенін, экологияны, мұнай-газ саласын және агроөнеркәсіптік кешенді қамтиды.
University of Arizona мен Kozybayev University-дің халықаралық әріптестігі
University of Arizona мен Kozybayev University арасындағы стратегиялық ынтымақтастық Қазақстан экономикасы үшін маңызды бес қолданбалы бастаманы жүзеге асыруға бағытталған.
Олардың қатарында жалпы бюджеті 600 мың АҚШ долларын құрайтын, астық өндіретін үш өңірде пилоттық жобаны іске қосуды көздейтін агрогеномиканы дамыту, су балансын бағалау, ірі мұнай-газ компанияларымен бірлесіп күкірт химиясы зертханаларын құру, инклюзивті білім беру академиясын дамыту және ұлттық парктерде экотуризмді өркендету бастамалары бар.
Ынтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі – Қызылорда облысында күріш геномикасы бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Күріштің он сорты Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына берілді. Тағы 20-ға дейінгі сорт АҚШ-та тегін қайта секвенирлеуден өткізілуде. Бұл жұмыстар цифрлық генетикалық банк қалыптастыруға және су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған.
Келешегі зор бағыттардың бірі – күкірт полимерлерін кері вулканизациялау технологиясы. Бұл технология тоннасының құны шамамен 100 АҚШ долларын құрайтын қолжетімді шикізатты, яғни күкіртті, тоннасы шамамен 1 000 АҚШ долларына бағаланатын жоғары қосылған құны бар полимерлерге, сондай-ақ тыңайтқыштарға айналдыруға мүмкіндік береді. Жоба АҚШ-та тіркелген 11 патентпен қорғалған және 5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру алуға үміткер.
Сирек кездесетін түрлердің генетикасынан заманауи жол материалдарына дейін
Kozybayev University-дің ғалымдары әлемде алғаш рет Каспий итбалығының референстік геномын толық анықтады. Алынған нәтижелер Қазақстанның бірегей биологиялық ресурстарына, оның ішінде қар барысына, киікке, Сиверс алмасына және ұлттық ит тұқымдарына қатысты генетикалық егемендігін қамтамасыз етудің ғылыми негізін қалыптастырады.
Сонымен қатар қазақстандық ғалымдар жылу электр орталықтары мен мұнай-химия өндірісінің қалдықтарынан алынған қоспаларды пайдалана отырып, модификацияланған жол битумын әзірледі. Аталған технология материалдың су сіңіргіштігін 35%-ға төмендетіп, беріктігін 50%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Әзірлеме Қарақоға – Петропавл автомобиль жолының тәжірибелік учаскесінде іс жүзінде сынақтан өткізілді.
Халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен (CERN) әріптестік. 2026 жылғы қарашада Женева қаласында жыл сайын 10–15 қазақстандық тағылымдамашыны жіберуді көздейтін ғылыми тағылымдамалар туралы хаттамаға қол қойылды. Бұл бастама Ядролық физика институтының 25-тен астам ғалымы мен «Болашақ» бағдарламасының 20 стипендиатының CERN орталығындағы ғылыми қызметін толықтыра түседі.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде жаздық бидайдың селекциясын жеделдетуге бағытталған Speed Breeding жобасы да табысты жүзеге асырылуда. Жоба геномды толық сканерлеу технологиясын қолдануға негізделген және Ұлыбританияның John Innes Centre ғылыми орталығымен бірлесіп іске асырылуда. Жобаның бюджеті 149,5 млн теңгені құрайды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде пайдалы модельге патент алынды.
Инженерлік-технологиялық инфрақұрылымды дамыту
Университет ғылымының өнеркәсіппен байланысын нығайту мақсатында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының базасында төрт қолданбалы инжиниринг орталығы құрылды. Олардың қызметі өндірістік сектордың нақты сұраныстарын шешуге бағытталған.
Атап айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылыс саласына арналған ғылыми-технологиялық шешімдерді, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті агроөнеркәсіптік кешенге қажетті әзірлемелерді, ал Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті тау-кен металлургия кешені үшін қалдықтарды қайта өңдеу және энергетика саласындағы технологияларды дамытуда.
Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде университеттердің тағы 17 ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыру жоспарлануда.
Өңірлік ғылым – экономикалық дамудың қозғаушы күші
Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі өңірлік ғылыми-инновациялық жүйелерді қалыптастыру болды. Барлық әкімдіктер жанынан өңірлік ғылыми кеңестер құрылып, жергілікті атқарушы органдардың ғылымды дамыту жөніндегі өкілеттіктері мен бюджеттері заңнамалық деңгейде бекітілді.
Ғылыми басымдықтар мен нысаналы көрсеткіштер өңірлердің экономикалық және өндірістік ерекшеліктерін ескере отырып, олардың даму жоспарларына тікелей енгізілуде.
2026–2030 жылдарға арналған стратегия аясында Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп өңірлік форсайт-сессиялар өткізу тәжірибесі енгізілуде. Сонымен қатар салалық жол карталары және жергілікті атқарушы органдардың ҒЗТКЖ бойынша мемлекеттік тапсырысын қалыптастыруға арналған үлгілік құжаттама әзірленуде.
Ғылым мен білім беруді тұрақты қаржыландырудың қосымша тетігі ретінде эндаумент-қорлар дамытылуда. 2025 жылдың күзінде «Нысаналы капитал қорлары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне еніп, оны іске асыруға қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылданды.
Демеушілер үшін нысаналы жарналар бойынша корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде 100% мөлшерінде шегерім жасау мүмкіндігі қарастырылған. Ал қорлардың өздері мүлік пен табысқа салынатын салықтардан босатылған.
Қазіргі уақытта Эндаумент-қорлар қауымдастығы құрылып, алғашқы корпоративтік «Ғылым және білім эндаумент-қоры» өз жұмысын бастады. Оның бастапқы жарнасы 2 млрд теңгені құраса, жалпы нысаналы көлемі 10 млрд теңге болып белгіленген.
Қазақстан халықаралық ғылыми кеңістіктегі орнын нығайтуда
2026 жылы Қазақстан «Ғылымның алтын ғасыры» Киото пайымын қолдап, Pax Silica бастамасына қосылды және AI Opportunity Partnership мәлімдемесіне қол қойды.
2027 жылы бюджеті 16,5 млн АҚШ долларынан асатын Сирек металдар жөніндегі халықаралық орталықты ашу жоспарлануда. Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның гляциологиялық орталығын құру туралы келісім ратификацияланып, халықаралық тарихи-ғылыми жобаларды дамыту жұмыстары жалғасуда.
АҚШ-тың жетекші сегіз университетімен әріптестік орнатылды. Бұдан бөлек, AI-Sana бағдарламасы Coursera және MIT есептерінде жасанды интеллектіні қолдану арқылы білім беру жүйесін табысты трансформациялаудың үлгісі ретінде танылды.
Ғылым мен жоғары білімнің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру
Елімізде ғылым мен инновациялардың цифрлық экожүйесі іске қосылды. Оның құрамына e-LAB зерттеу ортасы, Ғылым және ғылыми-техникалық ақпараттың бірыңғай ақпараттық жүйесі және Қазақстандық ғылыми дәйексөз алу индексі кіреді.
Жоғары білім беру саласында жаңа мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыруға негіз болатын жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі мен талапкерлерді қабылдаудың цифрлық платформасы енгізілуде.
Басқару үдерістерінің ашықтығын арттыру мақсатында ғылыми және инновациялық жобалардың бірыңғай тізілімдері қалыптастырылып, оларды «бір терезе» қағидаты бойынша тіркеу және мониторинг жүргізу тетіктері енгізілді.
Жүзеге асырылып жатқан бастамалар университеттер, ғылыми ұйымдар, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыруда. Бұл модельде ғылыми зерттеулер технологиялық жаңғыртудың, инновациялық өндірістерді дамытудың және Қазақстан өңірлерінің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз етудің маңызды құралына айналуда.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі