Ақмола облысында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 330 келіден астам есірткі тәркіленді

WhatsApp Image 2026-11-05 at 09.42.18

Ақмола облысында бес ай ішінде полиция қызметкерлері 331 келіден астам есірткі затын тәркілеп, есірткі зертханасының қызметін тоқтатты және тыйым салынған заттарды жеткізудің алты арнасын жапты. 1 маусым мен 30 қазан аралығында өткен «Қарасора-2026» операциясының қорытындысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дархан Досанов баяндады.

Операция барысында есірткіге қатысты 135 қылмыс тіркелді. Оның ішінде есірткі сатудың 49 дерегі, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты 34 жағдай және құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 10 дерегі анықталды.

Целиноград ауданында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметін тоқтатты. Астананың екі тұрғыны ұсталып, шамамен 10 келі психотроптық зат тәркіленді. Сондай-ақ есірткі жеткізу және сатудың алты арнасы жабылып, 14,4 келі тыйым салынған зат алынды. Бұдан бөлек, Таиландтан есірткі контрабандасының дерегі анықталды.

Жалпы тәркіленген есірткі көлемі 331 келіден асты. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 117 келіні құраған. Тәркіленген заттардың 142 келіден астамы синтетикалық есірткі болса, тағы 188 келісі каннабис тобына жататын есірткі заттары.

Операция барысында есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан 18 адам ұсталды. Солардың бірі – облыстың 36 жастағы тұрғыны. Ол бастапқыда есірткінің шағын партияларын таратумен айналысып, кейін ірі көлемдегі есірткіні сақтау және бөлшектеп қаптау ісіне көшкен. Ұстау кезінде одан екі келіден астам синтетикалық есірткі табылды.

Интернет арқылы есірткі саудасына қарсы күреске де ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері есірткі жарнамасы мен оны сатудан табыс табу туралы ұсыныстар жарияланған сайттарға апаратын 440 сілтемені анықтады. «Антифрод» жүйесіне жалпы сомасы 36,3 миллион теңгені құрайтын 550 банк картасы мен шот туралы мәлімет енгізілді.

Сонымен қатар есірткі тұтынғаны үшін 510 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал көлік құралдарын есірткілік масаң күйде басқарған жүргізушілерге қатысты 217 әкімшілік хаттама толтырылды.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі