Ақмола облысында ұрлықтың алдын алу және қылмыстарды ашу бойынша жұмыс күшейтілді

WhatsApp Image 2026-09-08 at 15.57.29

Өңірде бөтеннің мүлкін ұрлау және мал ұрлығы фактілерінің саны азайып келеді. Биылғы сегіз айда облыста 650-ге жуық ұрлық тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға төмен. Мал ұрлығының саны үштен бірге азайды. Бұл туралы брифингте Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сағындық Жантемиров мәлімдеді.

Оның айтуынша, жұмыс Ішкі істер министрлігінің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы аясында жүргізіліп, профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін қамтиды.

«Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бөтеннің мүлкін ұрлау мен мал ұрлығына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде қабылдап келеді», – деді Сағындық Жантемиров.

Ұрлықтың едәуір бөлігі адамдар көп жиналатын орындарда – көшелерде, кіреберістерде, дүкендерде, базарларда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда жасалады. Полицияның мәліметінше, кей жағдайда қылмысқа азаматтардың өз мүлкіне ұқыпсыз қарауы себеп болады. Атап айтқанда, жеке заттарды қараусыз қалдыру ұрлық жасауға мүмкіндік береді.

Қылмыстың алдын алудың негізгі құралдарының бірі – бейнебақылау. Бүгінде облыста 74 мыңнан астам камера бар, оның шамамен 25 мыңы жедел басқару орталықтары мен полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған. Жыл басынан бері олардың көмегімен 278 қылмыс, оның ішінде жүзден астам ұрлық ашылды.

Мал ұрлығының алдын алуға да ерекше назар аударылуда. Биылғы сегіз айда мұндай қылмыстардың саны 18-ден 12 фактіге дейін төмендеген. Сонымен қатар жыл басынан бері шамамен 300 бас ауыл шаруашылығы жануары ұрланған.

Малдарды сәйкестендірудің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ұрланған малдың шамамен 260 басы «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» базасында тіркелмеген. Бұл олардың тиесілігін анықтап, іздестіру жұмыстарын жүргізуді едәуір қиындатады.

Полиция мал ұрлығының тағы бір себебі ретінде бақылаусыз жайылымды атап отыр. Жыл басынан бері тіркелген барлық фактіде жануарлар еркін жайылымда болған.

«Бұл жағдай осындай қылмыстардың жасалуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі», – деп атап өтті Криминалдық полиция басқармасының бастығы.

Полиция мал иелерін жануарларға тиісті бақылау жүргізіп, оларды уақтылы сәйкестендіруге шақырады. Сондай-ақ қараусыз жүрген мал мәселесіне де ерекше көңіл бөлу қажет. Өйткені бұл тек ұрлыққа емес, жол-көлік оқиғаларына, егістіктердің бүлінуіне және басқа да құқық бұзушылықтарға себеп болуы мүмкін.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі