Тұрғын үйлердің қауіпсіздігі бақылауда: Ақмола облысындағы құрылыс саласы қалай өзгеріп жатыр

WhatsApp Image 2026-01-29 at 09.42.21

Өткен жылы Ақмола облысында құрылыс сапасын бақылау, мердігер ұйымдарды лицензиялау және үлескерлердің құқықтарын қорғау бағытында бақылау айтарлықтай күшейтілді. Қосымша тексерістер тұрғын үй нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашты. Бұл туралы брифинг барысында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекциясы бөлімінің басшысы Рауан Шаймерденов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.

Оның айтуынша, негізгі басымдық нысандардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігі мен құрылыс қауіпсіздігіне берілген. Әсіресе рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жүргізу және қайталанатын заңбұзушылықтар фактілеріне ерекше назар аударылып, мұндай жағдайларда компаниялардың қызметін тоқтатуға дейін қатаң шаралар қолданылған.

Сонымен қатар, инспекция құрылыс процесінің барлық кезеңінде – құрылыс-монтаж жұмыстары басталған сәттен бастап нысандарды қабылдауға дейін бақылауды күшейтті. Бұл қадағалау сапасын арттырып, болашақ тұрғындар үшін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді.

Құрылыс ұйымдарын лицензиялау және аттестаттау да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Рауан Шаймерденовтің айтуынша, құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтер біртіндеп цифрлық форматқа көшіп, нарық қатысушыларына қойылатын талаптар қатаңдауда. Кейбір өтініш берушілер біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі және міндетті тестілеуден өтпеуі салдарынан лицензия ала алмаған.

«Қазіргі таңда әрбір лицензия иесі аттестатталған мамандардың және тиісті өндірістік базаның бар-жоғын алдын ала тексеруі қажет. Бұл болашақта лицензияның тоқтатылуы немесе қайтарып алынуының алдын алады», – деп атап өтті бөлім басшысы.

Үлестік тұрғын үй құрылысы мәселелері де ерекше бақылауда. 2025 жылы Қосшы қаласында «Ынтымақ» тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, жүзден астам үлескер өз пәтерлерінің кілтін алды. Қалған проблемалық нысандар бойынша жұмыстар инвесторларды тарта отырып, кезең-кезеңімен жалғасуда.

Басқарма өкілі атап өткендей, үлестік қатысу туралы заңнамадағы өзгерістер нарықтың ашықтығын арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Жаңа нормалар бейресми келісімдерді шектеп, құрылыс салушыларға бақылауды күшейтеді. Бұл тұрғын үй нарығында инвесторлар мен сатып алушылар үшін қауіпсіз әрі ашық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі