Көкшетауда «Бір ауыл — бір өнім» жобасының жартылай финалистері анықталды

WhatsApp Image 2025-07-14 at 12.56.24 (1)

Көкшетауда «Бір ауыл — бір өнім» (БАБӨ) жобасының өңірлік кезеңінің қорытындысы шығарылды. Облыстың әртүрлі аудандарынан келген 50-ге жуық кәсіпкер қатысқан көрменің нәтижесінде он жартылай финалист анықталды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов және бизнес-қоғамдастық бірлестіктердің өкілдері мен мемлекеттік органдар қатысты.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасы аймақтағы бірегей өнімдер мен қызмет түрлерін дамытуға, жергілікті шикізатты пайдалана отырып өндірушілерді қолдауға және жаңа кәсіпкерлік бірлестіктер құруға бағытталған.

Көрмеде Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларынан және Атбасар, Ақкөл, Астрахан, Бурабай, Бұланды, Жақсы, Целиноград аудандарынан келген кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Экспозицияда нан-тоқаш және ет-сүт өнімдері, қолөнер сабындары, крафт ірімшіктер, жартылай фабрикаттар, зергерлік және сувенирлік бұйымдар, тоқыма өнімдері және басқа да тауарлар қойылды.

«Бір ауыл — бір өнім» жобасы — тек көрме ғана емес, тәжірибе алмасудың, жаңа идеяларды ілгерілетудің және ауыл кәсіпкерлерінің имиджін нығайтудың алаңы. «Ақмола облысы әрқашан экологиялық таза, сапалы өнімдерімен ерекшеленеді, ал елордаға жақын орналасуы өнімді өткізуге үлкен мүмкіндік береді. Әрбір қатысушы — өз ауылын таныстырып, оның әлеуетін көрсетіп жатқан жеңімпаз», — деп атап өтті Ернар Жаркешов.

Қосшы қаласынан келген кәсіпкер Әлия Қалиасқарова 2019 жылдан бері киізден сырмақ жасаумен айналысады. «Барлық бұйымдар қолмен жасалады, ата-бабамыздың әдісін сақтап отырмыз. Өнімнің шамамен 90 пайызы шетелге кәдесый ретінде экспортталады», — деді шебер.

Көкшетау қаласының тұрғыны Гүлжан Нұрушева қоспа, құрт, жент қосылған қолөнер шоколадымен таныстырды. Өнімдердің ерекшелігі — кәсіпкердің өзі жасаған бірегей қаптамасында.

Ақкөл ауданынан келген Андрей Гордиенко сүт өнімдерін ұсынды: ірімшік, май, қаймақ, кілегей, айран, түрлі жеміс-жидек қосылған құрт — барлығы шамамен 25 атау. Сүтті ол жергілікті фермерлерден сатып алады, ал өнімдері елордаға және аймақтың басқа қалаларына жеткізіледі.

Жобаларды «Атамекен» ҰКП, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған жұмыс тобы бағалады. Нәтижесінде он үздік жоба таңдалып, келесі кезеңге өтті.

«Жартылай финалға өткен он қатысушы жобаларын бренд комитеті алдында қорғайды. Қорытындысы бойынша үш финалист таңдалып, олар облысты республикалық көрмеде таныстырады. Жеңімпаздар 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа үміткер бола алады. Жалпы, жоба кәсіпкерлік қабілетті дамытуға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған», — деді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Финалистерді алда тағы бірнеше кезең күтеді, ал облыс тұрғындары олардың өнімдерімен алдағы көрмелерде және байқауларда таныса алады.

Дереккөз: Ақмола облысының ІСБ

ru_RUРусский