ҚҰҚЫҚ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК: ЖАСТАРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ

WhatsApp Image 2026-11-13 at 15.24.07

Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Менің құқықтарым басқа адамның құқықтары басталатын жерде аяқталады» тақырыбында TEDx форматындағы ашық дискуссия өтті.

Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, өзгенің пікірін құрметтеу және жеке жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

Кездесуге колледждің «Ар-намыс» саяси-интеллектуалды клубы мен «Парасат» дебат клубының мүшелері, жалпы саны 100 студент қатысты. Модератор – «Парасат» дебат клубының жетекшісі Беген Сырым Серікұлы.

Дискуссияға қала прокуратурасының бөлім аға прокуроры Уалиева Асель Нурлановна, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Нысанбай Ескендір Бекболатұлы, қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Пазыл Перизат Бақытқызы, «Есбол» қорының өкілі Жағупар Даниал, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Хуанған Айғаным Нұрболатқызы және «Парасат» дебат клубының мүшесі Ақарыс Талғатұлы қатысты.

Кездесу барысында қоғамдық мораль, сөз бостандығы, жеке шекара, әлеуметтік желідегі жауапкершілік және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Хуанған Айғаным Нұрболатқызы қоғамдық қысым мен буллинг мәселесіне тоқталып, жастарды өз көзқарасын қалыптастырып, дербес шешім қабылдауға шақырды.

Қала прокуратурасының бөлім аға прокуроры Уалиева Асель Нурлановна азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң алдындағы жауапкершілік туралы түсіндірді. Ал инспектор Нысанбай Ескендір Бекболатұлы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және бос уақытты тиімді ұйымдастырудың маңызын атап өтті.

«Парасат» дебат клубының мүшесі Ақарыс Талғатұлы сөз бостандығы мен жеке жауапкершілікке назар аударса, қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Пазыл Перизат Бақытқызы өз пікірін білдіру барысында өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қажеттігін жеткізді.

Дискуссияның интерактивті бөлімінде студенттерге өмірлік жағдаяттар ұсынылды. Атап айтқанда, адамның рұқсатынсыз фото және бейнежазба жариялау, өзге пікірді құрметтеу, қоғамдық орындардағы тәртіп мәселелері талқыланып, қатысушылар белсенді пікір алмасты.

Ашық диалог форматында өткен кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық ұстанымын нығайтуға және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге бағытталды.