«Құқықтық дәріхана»: заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы

WhatsApp Image 2026-09-29 at 11.36.35

Ақмола облысында пробациялық бақылауда тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» профилактикалық акциясы өтті.

Іс-шараны облыс прокуратурасы мемлекеттік органдардың, «Отбасы банк» АҚ өкілдері, адвокаттар, нотариустар және заң консультанттарымен бірлесіп ұйымдастырды. Акция барысында 100-ден астам азамат мамандардан жеке кеңес алды.

Қатысушыларды негізінен жұмысқа орналасу, әлеуметтік төлемдерді алу, құжаттарды қалпына келтіру, тұрғын үй мәселелері және өзге де құқықтық сұрақтар қызықтырды. Әр азаматтың мәселесі жеке қаралып, оны шешу жолдары түсіндірілді.

Пробациялық бақылауда тұрған адам үшін мұндай көмек маңызды. Себебі қоғамға қайта бейімделу тек бақылаумен шектелмейді. Тұрақты жұмыс табу, қажетті құжаттарды ретке келтіру, әлеуметтік қолдауға қол жеткізу және өз құқықтарын білу адамның қалыпты өмірге оралуына ықпал етеді.

«Құқықтық дәріхананың» ерекшелігі де осында. Азамат бірнеше мекемеге жүгірмей, бір жерде әр сала мамандарынан кеңес ала алды. Қандай құжат қажет, қайда жүгіну керек, заң бойынша қандай мүмкіндік бар – осының бәрі түсіндірілді.

Мұндай жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда маңызды. Заң мен тәртіп дегеніміз – құқық бұзушылыққа жауапкершілікпен қатар, оның алдын алу, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және қиын жағдайға тап болған адамға заң аясында көмек көрсету.

Уақытылы берілген кеңес кей жағдайда мәселенің күрделенуіне жол бермейді. Ал өз құқығы мен міндетін білетін азамат заңды жолмен әрекет етуге мүмкіндік алады.

«Құқықтық дәріхана» акциясы осы бағыттағы профилактикалық жұмыстың бір көрінісі болды. Мұндай кездесулер пробациялық бақылаудағы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, әлеуметтік мәселелерін шешуіне және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.