Қазақстан заңгерлер одағы: Конституцияға діннің мемлекеттен бөлектігі туралы тікелей норма енгізу керек
Қазақстан заңгерлері одағының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Серік Ақылбай Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Атазаңға діннің мемлекеттен бөлектігін тікелей нормамен айқындай түсу қажеттігін айтты.
— Атазаң мәтінінде діннің мемлекеттен бөліну қағидаты орныққан. Аталған қағидат зайырлылық идеясынан туындағанымен, Конституцияда ол ашық әрі айқын түрде тұжырымдалмаған. Конституциялық құқық тұрғысынан бұл мәселенің түбегейлі маңызы бар. Мемлекеттің зайырлылығы құқық қолдану практикасы мен саяси мән-жайға байланысты әртүрлі мағынада пайдаланынулы мүмкін. Сонымен қатар діннің мемлекеттен бөліну қағидаты діни бірлестіктердің жария билік органдарының қызметіне араласу шегін және керісінше мемлекеттің діни салаға қатысу шекараларын айқындайды. Дәл осындай ара-жікті ажырату мемлекеттің бейтарап сипатын қамтамасыз етуге, мемлекетті қандай бір дінмен немесе конфессиямен теңестіруін болдырмауға және әртүрлі дінді ұстанатын азаматтар мен ешқандай дін ұстанбайтын азаматтардың бәріне бірдей көзқарас қалыптастырады. Бұл тұрғыдан алғанда діннің мемлекеттен бөлінуі ар-ождан бостандығын шектемейді. Керісінше, оның құқықтық кепілі болып есептеледі, — деді ол.
Дереккөз: Telegram-арнасы — @qazaqparat_kz