Энергетика және су жүйесі: Ақмолада Ұлттық жоба іске асуда

Ақмола облысында табиғи монополияларды реттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы брифинг барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Тамерлан Кенжебаев мәлімдеді.
Мамандардың сөзінше, негізгі мақсат – тарифтердің әділдігін қамтамасыз ету, тұрғындардың ақшасының дұрыс жұмсалуына бақылау орнату және коммуналдық қызметтің сапасын арттыру.
«Қазір облыста 65 табиғи монополия компаниясы жұмыс істейді. Олар жылу, электр, су және кәріз жүйелері бойынша 150-ден астам қызмет көрсетеді. Әрбір компания жыл сайын өз жұмысы мен инвестициялық бағдарламасы жөнінде есеп беруге міндетті»,-деді басшының орынбасары.
2025 жылдың басынан бері департаментке 146 есеп келіп түскен. Оларды талдау кезінде тарифтік сметаларды орындамау сияқты кемшіліктер анықталған. Соның нәтижесінде тұрғындарға қайта есептеу жүргізіліп, тек 2024–2025 жылғы жылыту маусымында тұтынушыларға 44 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Сонымен бірге, инфрақұрылымның ескіруі де өзекті мәселе болып отыр. Облыстағы электр желілерінің 62%-ы, су жүйелерінің 53%-ы, ал жылу құбырларының 57%-ы тозған.
«Бұл проблеманы шешу үшін «Тариф – инвестицияға айырбас» бағдарламасы аясында 2025 жылға 24 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат инженерлік желілерді жөндеуге және жаңа жабдықтар орнатуға жұмсалады»,-деді спикер.
Алдағы бес жылда апаттарды азайтып, тозу деңгейін 62%-дан 40%-ға дейін төмендету жоспарланған.
Жалпы, қолға алынған шаралар тариф саясатын ашық етуге, желілерді жаңғыртуға және халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын көтеруге бағытталған
Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ