Судағы қауіпсіздік: Ақмола облысында ресми жағажайлар саны артып келеді
Ақмола облысында 1 маусымнан бастап шомылу маусымы басталды. Жазғы демалыс кезеңінде тұрғындардың су айдындарында көптеп демалуы және мектеп оқушыларының каникулы қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етеді. Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ТЖ жою басқармасының бастығы Аслан Нұрқанов брифинг барысында баяндады.
Өңірде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында 102 құтқарушы, 19 техника бірлігі, 32 жүзу құралы және қажетті сүңгуір жабдықтары тұрақты дайындықта тұр. Егер өткен жылы облыс бойынша шомылуға рұқсат етілген 16 ресми орын белгіленсе, биыл бұл жұмыс Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жалғасуда. Қазіргі таңда 31 жағажай ресми түрде бекітілген және олардың саны алдағы уақытта арта түседі.
Өкінішке қарай, шомылу маусымы басталғалы бері суда адам қаза тапқан 3 жағдай тіркелді, оның ішінде 2-еуі – балалар. Барлық қайғылы оқиғалар шомылуға арналмаған, жабдықталмаған орындарда болған. Мамандардың айтуынша, негізгі себептер – тыйым салынған жерлерде шомылу, балаларды қараусыз қалдыру, қауіпсіздік талаптарын сақтамау және алкогольдік ішімдіктерді пайдалану. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы облыс су айдындарында 7 адам, ал 2024 жылы 10 адам қаза болған.
«Су – қауіп-қатері жоғары орта. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын тек ресми жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, су жағасында алкоголь ішпеуге және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әрбір ересек адам балалардың өмірі мен денсаулығына жеке жауапты екенін ұмытпауы тиіс», – деп атап өтті Аслан Нұрқанов.
Рұқсат етілген демалыс орындарының санын арттыру және төтенше жағдайлар қызметтерінің тұрақты профилактикалық жұмыстары демалушылар үшін қауіп-қатерді барынша азайтуға бағытталған. Ал азаматтардың жауапкершілігі мен жабдықталмаған жерлерде шомылудан бас тартуы жазғы маусымды қауіпсіз өткізудің басты шарты болып қала береді.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі