Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

Жер – стратегиялық ресурс. Оның бар игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керек.
Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.
2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе.
Сондықтан әкімдер қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін тұрақты айналымға енгізуі керек. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуге тиіс.
Жалпы, жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Сол үшін ауыл шаруашылығы жерлерін беру тәсілдерін түбегейлі өзгерту керек. Осыған орай, жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс. Үкімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы қажет.
Жолдау2025
Послание2025