Көкшетауда жаңартылған теміржол вокзалы ашылды: Ақмола облысында 16 вокзалды жаңғырту жұмыстары аяқталды
Көкшетау қаласында жаңартылған теміржол вокзалының ашылу рәсімі өтті. Ол Ақмола облысындағы теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаның қорытынды нысаны болды. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі теміржол инфрақұрылымын дамыту Мемлекет басшысы қойған міндеттердің бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік-логистика саласының стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталып, «Біз кейінгі ұрпаққа жоғары деңгейдегі автомобиль және теміржол магистральдарын, тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол вокзалдары мен теңіз порттарын қалдыруымыз керек» деп атап өтті.
Бүгін біз жай ғана жөндеуден өткен ғимаратты ашып отырған жоқпыз. Ең алдымен адамға бағытталған заманауи кеңістікті пайдалануға беріп отырмыз. Ең бастысы – Көкшетау вокзалының көпшілікке таныс сәулеттік келбеті мен тарихи тұтастығын сақтай отырып, оны заманауи мазмұнмен толықтыра алдық», – деді Марат Ахметжанов.
Ақмола облысында бұл міндет нақты жүзеге асырылды: бағдарлама аясында өңірдегі 16 нысанның барлығы заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Бұл – бір өңірлік бағдарлама аясында жаңартылған теміржол вокзалдарының ең көп саны.
Бұл тізімде Көкшетау вокзалының орны ерекше. Ғимарат 1981 жылы салынған, ал соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 20 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Бүгінде вокзалдың ішкі кеңістігі толық жаңарғанымен, қала тұрғындарының бірнеше буынына таныс сәулеттік келбеті сақталды.
Вокзал тәулігіне шамамен 1 800 жолаушыға қызмет көрсетеді. Осы жерден өңір тұрғындары еліміздің басқа қалаларына аттанып, Көкшетауға қонақтар мен туристер келеді. Қала арқылы Бурабай курорттық аймағына бағыт алатын маңызды теміржол бағыттарының бірі өтеді. Сондықтан вокзал көлік қатынасы үшін ғана емес, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру тұрғысынан да маңызды нысан саналады.
Жаңғырту барысында ғимараттың қасбеті, ішкі бөлмелері, кіреберіс топтары, инженерлік жүйелері мен жолаушылар инфрақұрылымы жаңартылды. Заманауи күту залдары мен ақпараттық аймақтар жасалып, қонақүй бөлмелері қарастырылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасалды.
Жобаның негізгі элементтерінің бірі – платформаларға шығатын жерүсті өткелі. Қазіргі уақытта онда жұмыстар жалғасып жатыр. Вокзал лифттер мен эскалаторлармен жабдықталып, кедергісіз орта қалыптастырылды. Жалпы аумағы 0,75 гектарды құрайтын вокзал маңы аумағы да абаттандырылды. Мұнда жаяу жүргіншілер аймақтары жасалып, көгалдандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
«Вокзал бір жылдан астам уақыт жөндеуде болды. Енді оның қандай болғанын көру ерекше қуантады. Барлығы заманауи әрі ұқыпты жасалған, әлдеқайда жайлы және ыңғайлы болыпты. Көкшетау тұрғындары үшін бұл – маңызды орын. Сапарларымыз осы жерден басталады, осында туған-туыстарымыз бен қонақтарымызды қарсы аламыз. Көптеген отбасыларда теміржол саласында еңбек ететін адамдар бар. Вокзалдың жаңғыртудан кейін қайта ашылып, жаңа тыныс алғанына өте қуаныштымын», – деді қала тұрғыны Жанар Алмағамбетова.
Көкшетаудағы жаңартылған вокзалдың ашылуы бүкіл өңірді қамтыған ауқымды жұмыстың қорытындысы болды. Бағдарламаны іске асыру барысында Көкшетау, Щучинск, Атбасар, Ақкөл, Макинск, Есіл, Ерейментау, Державинск қалаларындағы, сондай-ақ Жақсы, Жалтыр, Аршалы, Шортанды, Никольское, Еркіншілік, Сарыоба және Үленті станциялары мен елді мекендеріндегі нысандарда заманауи жағдай жасалды.