Инвестициялық климатты жақсарту: өңір үшін жаңа мүмкіндіктер

WhatsApp Image 2025-03-21 at 10.37.57

Инвестиция – бұл жай ғана жобаларға қаржы құю емес, ол инфрақұрылымды дамыту, өндірістерді жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі кілті. Ақмола облысында инвестициялық климатты жақсарту бойынша белсенді шаралар жүзеге асырылып, бұл отандық және шетелдік инвесторларды тартуға ықпал етуде.

2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі шамамен 563 млрд теңгені құрады, оның 60 пайызы жеке инвестицияларға тиесілі. Бұл бизнестің белсенділігі мен өңірді дамытуға деген қызығушылығын көрсетеді.

Инвестициялық саясаттың арқасында өткен жылы 109,6 млрд теңгеге 187 жеке инвестициялық жоба іске асырылып, 1,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Осы ретте, Аршалы ауданында жел электр станцияларын салу, Целиноград ауданында 1500 басқа арналған сүт-тауар фермасын құру, Көкшетауда сағатына 18 тонна өнім өндіретін құрама жем зауытын салу, Көкшетауда 48 мың тонна дәнді және бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін кешен ұйымдастыру маңызды жобалар қатарында.

Сонымен қатар, 450 млрд теңгеден астам инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді.

2025 жылы жеке инвестициялар есебінен 190 млрд теңгеге 150 жоба іске асырылып, 1,8 мың жаңа жұмыс орны ашылатыны жоспарлаған. Сондай-ақ,  Көкшетауда май экстракциялық зауыт, Аршалы ауданында астықты терең өңдеу зауыты, Астрахан ауданында диірмен кешені сияқты ірі нысандардың құрылысы басталады.

Инвесторларды қолдау мақсатында Астанада Aqmola Invest фронт-офисі жұмыс істейді, ол инвестицияларды тарту және оларды сүйемелдеумен айналысады.

Облыста инвесторларға дайын инфрақұрылым мен өндіріс орналастыру үшін қолайлы жағдайлар ұсынатын Аршалы ауданындағы «Aqmola», Көкшетаудағы «Кокше Индастри», Целиноград ауданындағы «Қоянды Индастриал Парк» үш индустриялық аймақ құрылған.

Бұл алаңдарда инвестициялық жобаларды таңдау және орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік коммуникациялардың (электр, су, газбен жабдықтау, автожолдар, теміржол желілері) болуы отандық және халықаралық инвесторлар үшін тартымдылықты арттырады.

Индустриялық аймақтарды дамыту және ірі жобаларды жүзеге асыру мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Салық түсімдерінің өсуі әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға, аумақтарды абаттандыруға және инфрақұрылымды дамытуға қосымша ресурстар береді. Сондай-ақ, жаңа өндірістердің іске қосылуы логистикаға, сервистік қызметтерге және техникалық қызмет көрсетуге деген сұранысты арттырып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуын ынталандырады.

Кешенді инвестициялық саясаттың арқасында Ақмола облысы бизнес жүргізуге қолайлы өңірге айналып, ірі жобаларды жүзеге асыру тұрақты экономикалық өсімге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде.

Ернар Жаркешов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары.

ru_RUРусский