Зеренді ауданында көктемгі егіс қарқыны жоғары: «Дихан Плюс» әртараптандыруға басымдық беруде

WhatsApp Image 2025-05-22 at 13.44.05

Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны белсенді түрде жалғасуда. Зеренді ауданында алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі – «Дихан Плюс» ЖШС. Биыл бұл серіктестік 24 мың гектарға жуық алқапқа егін егуді жоспарлаған. Бүгінгі таңда егіс көлемінің 65 пайызы игеріліп, жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Жалпы аудан бойынша бүгінге дейін 103 272 гектар алқапқа дән себілген.
Көктемгі күннің ерте жылынуы мен қардың тез еруі диқандарға әдеттегіден ертерек алқапқа шығуға мүмкіндік берді. Негізгі егіс жұмыстары сәуір айының соңында басталды. Шаруашылықта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бағытында нақты шаралар қолға алынған. Әсіресе майлы және бұршақ дақылдарына бөлінген жер көлемі арттырылуда. Бұл – нарықтағы тұрақты сұраныспен тікелей байланысты.
«Биыл 2500 гектарға рапс, 2607 гектарға бұршақ, 1000 гектарға жуық зығыр, 1300 гектарға жасымық егудеміз. Бұл дақылдардан мол өнім алып, тез арада нарыққа шығаруды көздеп отырмыз. Ал астық бойынша: 50 пайызы – қатты бидай (шамамен 4 мың гектар), 6–7 мың гектардан астамы жұмсақ бидай, шамамен 600 гектарға арпа себіледі», – деді шаруашылық басшысы Денис Швайбович.
Оның айтуынша, бұршақ тұқымдас дақылдар суыққа төзімді болғандықтан, 24 сәуірден бастап дәл осы дақылдар себіле бастаған. Алдымен жасымық, бұршақ егілсе, кейін майлы дақылдарға (күнбағыс, рапс, зығыр) көшкен. Қазіргі таңда бұл дақылдардың бәрі толық көлемде себіліп біткен.
Мемлекеттік қолдау тетіктерін шаруашылық тиімді пайдалануда. Денис Швайбовичтің айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар аясында қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген.
«Мемлекеттік бағдарлама арқылы әртүрлі 800 тоннадан астам тыңайтқыш алдық. Оның 50 пайызы алқапқа енгізілді. Келісімшарттар қыс мезгілінде-ақ жасалып қойды. Мемлекет тарапынан 60 пайызы субсидияланса, қалған 40 пайызын өз қаражатымыздан төледік. Қазір тыңайтқыштың барлығы жеткізілді», – деді ол.
Егіс науқанына алты заманауи егіс кешені жұмылдырылған. Қазіргі таңда серіктестікте 170 адам еңбек етеді. Олардың қатарында 2014 жылдан бері осы шаруашылықта жұмыс істейтін тәжірибелі механизатор Дмитрий Стежкин де бар. Жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 25 жыл. Қазір ол №51 егіс алқабында жұмыс істеп жүр.
«Бұл алқаптың жартысынан астамы, шамамен 400 гектары, егілді. Бізде барлық алқаптар осындай. Күнделікті екі ауысыммен жұмыс істейміз таңғы 08:30-дан кешкі 20:30-ға дейін. Мен күндіз жұмыс істесем, әріптесім түнгі ауысымға шығады», – дейді ол.
Бүгінде ауа райы егіс жұмыстарын жүргізуге қолайлы. Шаруашылық негізгі жұмыстарды мамыр айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

ru_RUРусский