Жас қаһармандар жарыс жолында: Көкшетауда құтқарушылардың турнирі өтуде

WhatsApp Image 2025-07-04 at 10.44.01

Көкшетау қаласында жас құтқарушылар арасындағы республикалық турнир қызықты әрі тартысты өтіп жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам мектеп оқушылары үздік команда атағы үшін бақ сынап, біреудің өмірін құтқаруға сеп болар дағдыларын жетілдіруде. Бес күн бойы қатысушылар нағыз құтқарушы рөлінде өзін сынап көріп, шартты өртті сөндіріп, су кедергілерін еңсеріп, зардап шеккендерді эвакуациялауды үйренуде.

Кеше жарыстың үшінші кезеңі мәресіне жетті. Бұл кезең ең тартысты әрі көрерменге қызықты сәттерімен есте қалды. Таңертең «Табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары» тапсырмасы басталды. Бұл кезеңдегі басты сынақ — арқан жүйесі мен альпинистік құралдарды қолдана отырып, су кедергісінен өту болды.

Республикалық слет аясында бірнеше бағыт қамтылған: шығармашылық байқаулар да бар, практикалық кезеңдер де бар. Бүгін біз сондай практикалық кезеңнің бірін тамашалап отырмыз. Бұдан бөлек, «Жауынгерлік қанат жаю», «Өрт сөндіру эстафетасы» мен «Су кедергісінен өту» тапсырмалары бар. Жалпы, ел бойынша 200-ден астам бала қатысуда. Бүгінгі кезең – су айдынындағы құтқару жұмыстарына арналған, – деді ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы бастығының орынбасары Қуанышбек Кәрменов.

Әр команда тек дене дайындығын ғана емес, сондай-ақ үйлесімді жұмыс істеу қабілетін, төзімділігін және ең күрделі жағдайда сабыр сақтай білуін көрсетуде. Жас құтқарушылар арқан көпір арқылы өзеннен өтіп, арнайы құрал-жабдықтар мен құтқару құрылғыларын пайдаланды. Мұндай тапсырмалар мінезді шыңдап, тез әрі дұрыс шешім қабылдауға, рөлдерді тиімді бөліп, ең күрделі сәтте де жолдасты қолдай білуге үйретеді.

Біз Павлодар облысынан, нақты айтқанда, Екібастұз қаласынан келдік. Слет өте керемет өтуде. Бәсеке жоғары деңгейде, барлық командалар дайын әрі жігерлі. Казармада тұру да қызықты — бұл да бір бөлек тәжірибе. Болашақта өзімді құтқарушы мамандығымен байланыстырғым келеді. Біздің команда туралы айтсам, жігіттеріміз өте ынталы, кез келген тапсырманы орындауға дайын, – деп өз әсерімен Павлодар облысының өкілі Ерлан Аспандияров бөлісті.

Осыдан кейін қатысушылар су үстіндегі «Су айдынындағы құтқару жұмыстары» сайысы бойынша сынға түсті. Мұнда мектеп оқушылары жылдамдық пен шапшаңдықпен қатар, нақты құтқару әдістерін қолдана білуі керек болды. Командалар жарақат алған адамды қайыққа көтеру, алғашқы медициналық көмек көрсету және оны жағаға қауіпсіз жеткізу әрекеттерін пысықтады.

Бүгін республикалық «Жас құтқарушы» слетінің салтанатты жабылу рәсімі өтеді. Бірнеше күнге созылған қызықты әрі мағыналы жарыстың қорытындысы шығарылып, нағыз батырлар атанған үздік командалардың есімдері белгілі болады.

Дереккөз: Ақмола облысының ІСБ

ru_RUРусский