Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды
Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекет «АБС Жарколь» ЖШС басшылығымен ұйымдастырылып, серіктестіктің өз қаражаты есебінен және оның базасында орналастырылды. Бекеттің ашылуына ауылдың аудан орталығынан шалғай орналасуы және қыс мезгіліндегі жол қатынасының қиындығы себеп болды.
Аталған нысан барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: өрт сөндіру автокөлігіне арналған бокс, жеке құрамды орналастыруға арналған бөлмелер бар, телефон байланысы жұмыс істейді. Бекетте өрт-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген өрт сөндіру автокөлігі бар. Тәулік бойы кезекшілікке бекеттің 3 адамнан тұратын жеке құрамы шығады.
Бекет шамамен 60 ауласы бар, халқы 195 адамды құрайтын Шойындыкөл ауылына қызмет көрсетеді.
«Бекеттің ашылуы өртке әрекет ету уақытын қысқартып, тұрғындардың өрт қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Өрт қауіпсіздігі және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша оперативтік диспетчерлік бөлімінің подполковнигі Жоламанов Айдын Қарақоржынұлы
«Бұл бекет ауыл тұрғындарының мүддесі үшін ашылды. Жоба серіктестіктің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды, алдағы уақытта бекетке арналған жеке бокс салып, қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», — деді «АБС Жарколь» ЖШС бас директоры Лузин Денис Борисович.
Өрт сөндіру бекетінің ашылуы Жарқайың ауданының ауылдық елді мекендерінде қауіпсіздік деңгейін арттыру және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету бағытындағы маңызды қадам болды.
Дереккөз: Жарқайың ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі





