Ақмола облысында 2024-2025 оқу жылы қалай аяқталады?

2024-2025 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл Ақмола облысындағы 536 мектепте 140 мыңға жуық оқушы білім алды. Оның ішінде 13 890 оқушы 9-сыныпты, ал 5953 оқушы 11-сыныпты аяқтайды. Соңғыларының 347-сі – «Алтын белгіге», 402-сі – үздік аттестатқа үміткер. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Білім басқармасы биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша бірқатар маңызды шаралардың жүзеге асқанын атап өтті. Соның бірі – 23 мамырда өтетін «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты. Бұл сабақта «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы негізінде оқушыларға құндылықтар мен қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі.
«Жыл бойы өткізілген республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында ақмолалық оқушылар 257 медаль иеленді. Оның ішінде 57-сі халықаралық деңгейдегі, ал 175-і республикалық зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары. Бұл – соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіш», дейді Айнагүл Балташева.
Айта кету керек, Үндістанда өткен First Global Challenge робототехника чемпионатында біздің команда екінші орын алып, 15 күміс медальмен оралды.
Облыстың педагогтары да жоғары марапаттарға ие болды. Жетекші ұстаздар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды. Үш педагог «Үздік педагог» атанса, тағы бірі ТМД елдері арасындағы халықаралық шеберлік байқауында үздік үштікке енді.
Сондай ақ, білім басқармасы басшысы мектеп түлектері үшін аттестат тапсыру рәсімі 20 маусымда өтетінін мәлімдеді. Ал 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау салтанаты «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында 23 немесе 24 мамырда ұйымдастырылады. Бұл шаралар ешқандай ақша жинамай, тек мектеп қабырғасында, ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен өткізіледі.
Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ