Ақмола облысында 124 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылуда

WhatsApp Image 2025-10-07 at 09.33.54 (1)

Биыл Ақмола облысында 500 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға бюджеттен 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, жолдардың сапасына ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Өңірде облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге арналған 124 жоба іске асырылуда. Жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуді Республикалық мемлекеттік кәсіпорын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Ақмола облыстық филиалы қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері филиал инженерлері 77 нысанда 202 инспекциялық тексеріс жүргізіп, жол-құрылыс материалдарынан шамамен 800 сынама алған. Зертханалық талдау нәтижесінде 180 сынама белгіленген талаптар мен стандарттарға сәйкес келмеген.

Жалпы, филиал жол жөндеу сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» техникалық қадағалаудың электрондық базасын қалыптастыруда.

– Нысандарды жүзеге асыру барысында мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту үшін ақаулар мен сәйкессіздіктерді тіркеу функционалы енгізілді. Барлық анықталған бұзушылықтар сапа сараптамасының «KazRoadLab» цифрлық порталына енгізіліп, тапсырыс берушілер – яғни әкімдіктер тарапынан тұрақты мониторинг жүргізуге қолжетімді, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Ақмола облыстық филиалының директоры Талғат Қайратхан.

Оның айтуынша, орталық мамандары нысандарға жүйелі түрде шығып, құрылыс материалдарының үлгілерін алып, олардың стандарттарға сәйкестігін зертханалық тұрғыда тексереді. Мұндай тексерістердің басты мақсаты – жол жөндеу сапасындағы кемшіліктерді уақытылы анықтап, жоюға мүмкіндік беру.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

ru_RUРусский