Ақмола облысында 118 туристік жоба жүзеге асырылуда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында туризм саласын экономиканың маңызды драйвері ретінде атап, отандық курорттарды халықаралық деңгейде танытып, оларды ұлттық брендке айналдыру міндетін жүктеген еді. Бұл бағыт Ақмола облысы үшін айрықша маңызға ие, себебі өңір еліміздегі ең танымал демалыс аймақтарының бірі болып саналады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Ернар Жаркешовтің айтуынша, Щучье Бурабай курорттық аймағы Қазақстандағы үш ірі туристік орталықтың қатарына кіреді. Биыл осы аймақты дамытуға арналған арнайы жоспар бекітіліп, оның аясында алдағы жылдары жүзеге асырылатын 118 жоба қарастырылған.
«Туризмнің дамуы заманауи инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Жаңа жолдар мен инженерлік желілердің салынуы, демалыс аймақтарының жаңартылуы өңір тұрғындары мен туристер үшін қолайлы жағдай жасайды», — деді Ернар Жаркешов.
Жоспар аясында автожолдар мен инженерлік коммуникацияларды салу және жаңғырту, кәріз және электр жүйелерін жаңарту, цифрлық сервистерді енгізу көзделген. Қазірдің өзінде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.
Маңызды бастамалардың бірі — Бурабай көпфункционалды конгресс-орталығының құрылысы. Онда халықаралық деңгейдегі форумдар мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу туралы меморандумға қол қойылған.
Сонымен қатар, өңірдегі туристік нысандарды абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Щучье қаласында бақылау алаңы салынып, Бурабай кентінде сквер мен қоғамдық жағажай жаңартылды. Бұдан бөлек, жаңа демалыс аймақтары, автотұрақтар және қарау алаңдары ашылып жатыр.
Биыл бірнеше жаңа туристік нысан пайдалануға берілді. Солардың қатарында Қатаркөл көлінің жағасында ашылған Discovery демалыс кешені мен Щучье көлінің маңындағы жазғы коттедждер бар. Жыл соңына дейін бутик-отель, «Лес» демалыс аймағы және Altay Resort қонақүйі туристерге есігін айқара ашпақ.
Бұл жобалар Ақмола облысының туризм саласындағы әлеуетінің зор екенін дәлелдейді. Өңір ұлттық деңгейдегі туристік бренд қалыптастыру жолында нық әрі жүйелі қадам жасап келеді.
Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ