Ақмола облысында Құрбан айт мерекесі қалай аталып өтеді?

WhatsApp Image 2025-06-05 at 11.54.24

2025 жылғы 6 маусым күні Ақмола облысында, еліміздің барлық аймақтарындағыдай, мұсылман жұртшылығының ең қасиетті мерекелерінің бірі — Құрбан айт кең көлемде аталып өтеді. Бұл мейрам мұсылман әлемі үшін иманға беріктік, құрбандық, жанашырлық пен бірліктің символына айналған, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ғасырлар қойнауынан жеткен Құрбан айт күні мейірімділік, шүкіршілік және айналадағы адамдарға қамқорлық көрсету секілді мәңгілік құндылықтарды еске салады.
Құрбан айт мерекесінің тарихы пайғамбар Ибраһим (ғ.с.) оқиғасымен тығыз байланысты. Ол Алланың әмірімен ұлын құрбан етуге дайын болғаны үшін Жаратқан оған мал шалуды бұйырған. Осыдан бастап мұсылмандар Алла разылығы үшін құрбан шалып, иманын күшейтуді, мұқтаж жандарға жәрдем беруді дәстүрге айналдырған.
«Шариғат бойынша, құрбан шалу — жағдайы бар әрбір мұсылманға міндет. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр немесе түйе шалуға болады. Малдың дені сау, жасы мен талаптарға сай болуы шарт. Ең бастысы — ниет пен шынайылық», — деді бас имам Қуаныш Сәбит.
Оның айтуынша биыл құрбан айтқа арналған айт намазы 6 маусым күні сағат 06:00-де Көкшетау мен облыстағы барлық мешіттерде оқылады. Намаздан кейін бірден құрбандық шалу рәсімі басталады.
Облыс аумағында санитарлық талаптарға сай арнайы бекітілген мал сою алаңдары мен қасапханалар жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, Qurban2025.kz онлайн платформасы арқылы қашықтан құрбандық шалуға тапсырыс беруге мүмкіндік бар.
Құрбан айттың қарсаңында, 5 маусым күні — Арафа күні мұсылмандар ораза ұстап, дұға-тілектермен рухани тазаруға ұмтылады. Бұл күннің маңызын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Арафа күнгі ораза өткен және келесі жылдың күнәларын кешіреді» — деп сипаттаған. Облыстағы мешіттерде осы күннің мән-мағынасын түсіндіретін уағыздар мен түсіндіру шаралары өтеді.
Құрбан айт — тек құлшылық пен құрбандық шалу ғана емес, ол — қайырымдылық, кешірім мен бауырмалдықты насихаттайтын рухани мейрам. Дәстүр бойынша, құрбандық еті үшке бөлініп, бірі — өз отбасына, екіншісі — туыстарға, үшіншісі — мұқтаж жандарға таратылады. Бұл — адамдарды жақындастыратын, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты күшейтетін игі амал.

Дереккөз: Ақмола облысының ӨКҚ

ru_RUРусский