Ақмола облысында қылмыс деңгейі төмендеді

WhatsApp Image 2026-10-08 at 11.50.50

Ақмола облысында жедел ахуал тұрақты сақталып, қылмыс деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады. Өңірлік полиция департаментінің 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысы кеңейтілген кеңесте қаралды.

Жиынға Департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің және аумақтық бөлімшелердің бастықтары, сондай-ақ жеке құрам қатысты.

Кеңесті ашқан Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрсұлтан Мұқашев жыл басынан бері полиция бөлімшелері жедел ахуалды тұрақтандыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарғанын атап өтті.

Қылмыстың кең таралған жекелеген түрлері бойынша оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, тонау фактілері 51,5%-ға, мал ұрлығы 42,9%-ға, алаяқтық 17,5%-ға, интернет-алаяқтық 14,5%-ға төмендеді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде полицияның кешенді күштері мен патрульдік экипаждардың жұмысын күшейтудің де маңызы зор. Соның нәтижесінде қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтар саны азайды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар, алкогольдік масаң күйдегі адамдар, өтелмеген соттылығы бар тұлғалар тарапынан жасалатын және тұрмыстық сипаттағы қылмыстардың да төмендегені байқалады.

Кеңестің жұмыс бөліміне дейін қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерекше көзге түскен жедел қызмет бөлімшелерінің қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтің бұйрығымен криминалдық полиция және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлеріне ведомстволық наградалар табысталды.

Кеңес барысында жедел-қызметтік жұмыстың негізгі бағыттары бойынша Департамент бастығы орынбасарларының баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, жедел, тергеу, әкімшілік қызмет, сондай-ақ жеке құраммен жұмыс жүргізу бағыттарының нәтижелері қаралды.

Анықталған кемшіліктер бойынша оларды жоюға бағытталған нақты шаралар белгіленді. Жұмысында олқылықтарға жол берген аумақтық бөлімшелердің қызмет нәтижелері жеке қаралып, олардың тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық шешімдер қабылданды.

Кеңесте қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Қазіргі жағдайда полиция қызметіне цифрлық технологияларды енгізу және оларды одан әрі жетілдіру де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Осыған байланысты жедел басқарудың шағын орталықтарын ашу, жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде автоматтандырылған жүйелерді пайдалану, бейнебақылау жүйелерін, әсіресе білім беру ұйымдарында кеңейту мәселелері қаралды.

Кеңес қорытындысын шығарған Нұрсұлтан Мұқашев жеке құрамды Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының тапсырмаларына сәйкес қызметтік міндеттерді сапалы әрі адал орындауға бағыттады.

Ағымдағы кезеңдегі басым міндеттердің қатарында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейту, «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» бастамасы аясында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бар.

Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вандализмге және заңсыз граффити салуға қарсы іс-қимыл, түнгі көлік жарыстарының алдын алу, полиция қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ қызметтік тәртіпті нығайту және қызметкерлер тарапынан заңдылықтың бұзылуына жол бермеу мәселелері де тұрақты бақылауда болады.