Ақмола облысында тұтынушылардан мыңнан астам өтініш түскен
Биыл тоғыз айда Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1005 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22%-ға көп. Өтініштердің жартысынан астамы бөлшек саудаға, тағы 12%-ы электронды саудаға қатысты. Бұл туралы брифингте департамент басшысы Самат Сайдалин мәлімдеді.
Тұрғындар көбіне сапасыз тауарларға, ақауы бар тұрмыстық техника мен көліктерге шағымданған. Онлайн сауда саласында WYP интернет-дүкеніне қатысты департаментке 63 өтініш түскен. Сатып алушылар ұялы телефондар мен тұрмыстық техниканың ақысын төлегенімен, тапсырыстарын белгіленген мерзімде алмаған. Жалпы өтініштердің 83%-ы ведомствоның құзыреті аясында қанағаттандырылған.
«Біздің міндетіміз – нақты шағымды шешіп қана қоймай, кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру. Тұрғындар өз құқықтарын біліп, көмек сұраудан қорықпауы маңызды», – деді Самат Сайдалин.
Жыл басынан бері 120 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заң бұзушылықтардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шектен асуына байланысты. Сондай-ақ баға көрсеткіштерінің болмауы, сөредегі және кассадағы бағаның сәйкес келмеуі анықталған. «Сапалы Өнім» тұжырымдамасы аясында мамандар тауарлардың 22 түрін зерттеді. Тексеру нәтижесінде талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер сауда айналымынан алынды.
Тұтынушылар құқықтары бұзылған жағдайда «Е-tutynushy» және «Е-otinish» қосымшалары арқылы Департаментке жүгіне алады. Сондай-ақ 50-29-89 жедел желі нөмірі арқылы кеңес алуға болады.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі