Ақмола облысында балаларға қаржылық қауіпсіздік негіздері түсіндірілді
Сандықтау ауданындағы «Жас дәурен» балалар сауықтыру лагерінде Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Біз және қаржылық қауіпсіздік» атты интерактивті ойын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында балаларға қаржылық және цифрлық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары түсіндірілді. Қатысушылар дропперліктің мәні, заңсыз қаржылық схемаларға қатысудың қауіптілігі және интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, лудоманияның зияны мен оның адам өміріне тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілді.
Кездесу барысында балалар сұрақтарға белсенді жауап беріп, түрлі өмірлік жағдайларды талқылау арқылы қаржылық қауіпсіздікке қатысты маңызды білімдерін толықтырды.
Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.