Ақмола облысында ауқымды есірткіге қарсы айлық басталды
Ақмола облысында Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің халықаралық күніне орайластырылған ауқымды есірткіге қарсы айлықтың ресми ашылуы өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов және Ақмола облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Курсанова өңірде атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар, есірткі қылмысына қарсы қабылданып жатқан шаралар мен алдағы іс-шаралар туралы баяндады.
Жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осыған орай өңірдің білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бағдарламасы аясында салауатты өмір салтын насихаттау және балалар мен жасөспірімдер арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Оқу жылы басталғалы бері облыста 80 мыңға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған 140 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студент қамтылды. Білім беру ұйымдарында тренингтер, пікірсайыстар, спорттық турнирлер, құқық қорғау органдарының өкілдерімен және сала мамандарымен кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Балалар мен жастар қозғалыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта «Жас Ұлан» және «Жас Ұрпақ» ұйымдарының қатарында 7 мыңнан астам бала бар. Ерте профилактика шаралары аясында Көкшетау қаласында оқушылар мен студенттер арасында пилоттық жедел тестілеу жүргізіліп, оның нәтижесінде есірткі заттарын қолдану фактілері анықталған жоқ.
Сонымен қатар өңірде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес белсенді түрде жалғасуда. Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында есірткіге қатысты 146 құқық бұзушылық тіркеліп, тыйым салынған заттарды өткізудің 45 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 94 килограмнан астам есірткі тәркіленсе, оның 80 келіге жуығы синтетикалық есірткілер. Бұдан бөлек, аса ірі көлемде есірткі сақтау және психоактивті заттарды заңсыз жарнамалау фактілері де анықталған.
Есірткіге қарсы айлық аясында облыстың барлық қала-аудандарында 100-ден астам профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 15 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда. Акцияларды ұйымдастыруға үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер, жастар бірлестіктері мен мемлекеттік мекемелер белсенді түрде тартылуда.
Сабырхан Кенжебаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жобалар «Жас Кезең» қоғамдық қорымен және «Esirtkisiz Bolashaq» фронт-офисімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері өңірде салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған 40-тан астам кездесу өткізілді. Сондай-ақ 120-дан астам ерікті полиция қызметкерлерімен бірге 25 рейд ұйымдастырып, есірткі сайттарын жарнамалайтын 29 жазуды жойды.
Айлық бағдарламасы аясында флешмобтар, дөңгелек үстелдер, жазғы сауықтыру лагерьлеріндегі дәрістер, шахмат турнирлері, Open Talk TedX форматындағы кездесулер, квесттер, челлендждер, әлеуметтік эксперименттер және тақырыптық кино көрсетілімдері ұйымдастырылады.
Есірткіге қарсы айлық 26 маусым күні Көкшетау қаласының жағалауында өтетін ауқымды Open Air шарасымен қорытындыланады. Іс-шара Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің халықаралық күніне арналады.
Ұйымдастырушылар нашақорлықпен күрестің тиімділігі қоғамның белсенді қатысуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Осыған байланысты полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын есірткі тарату, есірткі сайттарының қызметі және тыйым салынған заттарды жарнамалау фактілері туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, білім беру мекемелерінің және еріктілердің күш-жігерін біріктіретін кешенді профилактикалық жұмыс өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға және жастар арасында салауатты өмір салты құндылықтарын нығайтуға бағытталған.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі