Ақмола астығы жаңа нарықтарға жол ашуда: өңір АӨК пен терең өңдеуді қалай дамытуда
Өңір агроөнеркәсіптік кешенді өндіріс көлемін арттыру, өнім сапасын жақсарту, заманауи технологияларды енгізу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бағыттарын ұштастыра отырып, жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл тәсіл Президенттің Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және экономиканы цифрландыру бойынша айқындалған міндеттерге сәйкес келеді. Бүгінде атқарылған жұмыстың нәтижелері өңір шаруашылықтарынан тікелей көрініс табуда.
Бұған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Буланды ауданындағы «Даниловское и К» ЖШС егіс алқаптарына жұмыс сапары барысында көз жеткізілді. Мұнда Нидерланд, Польша, Латвия, Эстония және Солтүстік Македония елшіліктерінің өкілдері қатысқан шетелдік делегацияға облыстың аграрлық секторының мүмкіндіктері, астық сапасы және оны одан әрі өңдеудің перспективалары таныстырылды.
Биыл ақмолалық диқандар 5,2 млн тонна астық жинады. Бұл ретте әңгіме тек көлем туралы емес. Астық қабылдау кәсіпорындарына түскен астықтың 86%-дан астамы жоғары өтімді үшінші класқа жатқызылды. Ал құрамында ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді. Дәл осындай көрсеткіштер өңірдің сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Биылғы жаздағы күрделі ауа райы жағдайын ескерсек, жоғары сапалы өнім алу ерекше маңызды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, мұндай нәтижеге мемлекеттік қолдаудың, заманауи агротехнологиялар мен цифрлық шешімдердің үйлесуі арқасында қол жеткізілді.