Аршалыда «Святличок» бөбекжайы жаңа кейіпке енді
Аршалы ауданында сапалы білім мен тәрбие беру бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Бүгінде ауданда 6 мыңға жуық бала білім алып жатыр. Балаларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында биыл екі мектеп пен бір балабақша күрделі жөндеуден өтті. Бұл туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Жомарт Қайрмеденов мәлімдеді.
60 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Святличок» бөбекжайы бүгінде жаңа кейіпке енді. Тарихы терең бұл мекеме аудандағы беделді білім беру ұйымдарының қатарында. Балабақшаны тәжірибелі басшы Ғазиза Оспанова басқарады.
Мекеме аумағын абаттандыру жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Мәселен, 2020 жылы балалар мен қызметкерлердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында аумаққа брусчатка төселген болатын.
Ал биыл 26 мамыр мен 26 қыркүйек аралығында бөбекжай толық күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары балалар мен қызметкерлер үшін заманауи, қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға бағытталды.
«Жаңарту барысында терезелер мен есіктер ауыстырылып, қабырғалар қайта сырланды. Ғимараттың қасбеті жаңартылып, жылыту жүйесі толық модернизацияланды. Әр топқа жылы едендер, су жылытқыштар және желдеткіш жүйелері орнатылды. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында 24 бейнебақылау камерасы, өрт сөндіру гидранттары мен заманауи жарықтандыру жүйесі іске қосылды», дейді Ғазиза Оспанова.
Күрделі жөндеуге 245 миллион теңге бөлінді. Конкурс қорытындысы бойынша мердігер ұйым ретінде «Арлан–2004» ЖШС таңдалып, үш ай ішінде барлық жұмысты сапалы орындап шықты.
«Жөндеу кезінде жылу және кәріз жүйелері толығымен жаңартылды, жылы едендер орнатылды. Қазір балабақша ішінде 20–22 градус температура тұрақты сақталады. Барлық жұмыс санитарлық талаптарға сай жүргізілді. Бөбекжайдың жалпы сыйымдылығы – 100 орын, қазіргі таңда мұнда 61 бала тәрбиеленіп жатыр. 4 топ бар, олардың бірі – мемлекеттік тілде білім береді», – дейді бөбекжай басшысы.
Жаңарған балабақшаның сапасы жоғары бағаланып, ата-аналар мен балалар жаңа жағдайларға дән риза. Алдағы уақытта мекеме аумағын балалар ойын алаңдарымен, жаңа жиһаздармен және оқу құралдарымен толықтыру жоспарланып отыр.
Ғазиза Оспанова облыс пен аудан әкімдігіне көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, бөбекжайдың материалдық-техникалық базасы алдағы жылдары да кезең-кезеңімен жаңартылатынын атап өтті.
Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі