Ұялы телефон жөндеу дауы тұтынушы пайдасына шешілді

WhatsApp Image 2026-09-04 at 11.14.31

Департаментке жүгінуден кейін ұялы телефонды жөндеу қызметіне қатысты дау реттеліп, тұтынушыға төленген қаражат қайтарылды

Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген Көкшетау қаласының тұрғыны өз құқығын қорғап, сервис орталығымен туындаған дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешті.

Азаматтың өтініш беруіне сапасыз көрсетілген қызмет себеп болған. Ол қаламыздағы сервис орталықтарының біріне ұялы телефонын жөндету, атап айтқанда дисплейін ауыстыру үшін жүгінген. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орындаушы көрсетілген қызметке кепілдік берген.

Алайда біраз уақыт өткен соң құрылғыда қайтадан ақау пайда болған. Тұтынушы сервис орталығына қайта хабарласып, анықталған кемшіліктерді жоюды немесе көрсетілген қызмет үшін төленген қаражатты қайтаруды талап еткен. Бірақ бастапқыда мәселе оң шешімін таппаған.

Осыған байланысты азамат өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.

Департамент мамандары тұтынушыға қажетті консультациялық және құқықтық көмек көрсетіп, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының нормаларын, сондай-ақ қызмет көрсету кезінде кемшіліктер анықталған жағдайда тұтынушының орындаушыға қоятын талаптарын түсіндірді.

Жүргізілген жұмыстар мен құқықтық қолдау нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен реттелді. Сервис орталығы тұтынушының талаптарын негізді деп танып, сапасыз көрсетілген қызмет үшін 24 500 теңге көлеміндегі қаражатты қайтарды.

Бұл жағдай тұтынушылардың өз құқықтарын білуі және уақтылы тиісті органдарға жүгінуі бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге және даулы мәселелерді заң аясында тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарға тауар сатып алу және қызмет алу кезінде төлемді растайтын құжаттарды, түбіртектерді, шарттарды, кепілдік міндеттемелерін және басқа да дәлелдерді сақтауды еске салады.

Қызмет көрсету барысында кемшіліктер анықталған жағдайда тұтынушы заңнамада көзделген тәртіппен орындаушыға талап қоюға құқылы.

Өз құқықтарын білу азаматтарға өз мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді, ал кәсіпкерлер үшін көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, тұтынушылардың сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті