Ұлттық киіммен референдумға: Ақмола облысының тұрғындары дауыс беруге дәстүрлі киіммен келді

WhatsApp Image 2026-03-15 at 16.00.54

Ақмола облысында тұрғындар референдум күніне тек белсенді қатысып қана қоймай, ұлттық дәстүрлерге деген құрметін де көрсетті. Өңірдің әртүрлі аудандарындағы сайлау учаскелеріне адамдар қазақтың ұлттық киімдерін киіп келіп, мерекелік әрі салтанатты атмосфера қалыптастырды.
Жарқайың ауданында сайлау учаскесіне ауданға танымал Есмұрзиндердің музыкалық отбасы келді. Олар қазақтың әсем ұлттық киімдерін киіп, дауыс берді. Отбасының учаскеге келуі тұрғындардың назарын аударып, мәдени құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын көрсетті.
«Біз дауыс беруге ұлттық киіммен келуді жөн көрдік. Себебі бұл – біздің мәдениетіміз бен тарихымыздың бір бөлігі. Бүгін ел үшін маңызды күн, сондықтан дәстүрімізге құрмет білдіргіміз келді», – деді Есмұрзиндер отбасының өкілі.
Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылында орналасқан №602 сайлау учаскесіне Омаровтар отбасы келіп, өз таңдауларын жасады. Олар ел өміріндегі маңызды оқиғаларға қатысудың маңызын атап өтті.
«Дауыс беру – елдің болашағына өз үлесіңді қосу мүмкіндігі. Әр азамат белсенді азаматтық ұстаным танытып, жастарға үлгі көрсетуі керек», – деді отбасы мүшелері.
Сайлау учаскесінде ерекше атмосфераны Ақкөл аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері де қалыптастырды. Ұжым толық құрамда дауыс беруге келіп, қазақтың ұлттық киімдерін киіп, бастаманы қолдады.
Жарқын ұлттық киімдер мәдениет пен ұлттық мұраға деген құрметтің символына айналып, ел үшін маңызды күні өңір тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын көрсетті.