Тұтынушының құқықтары қалпына келтіріліп, туристік қызмет үшін ақшалай қаражат қайтарылды

WhatsApp Image 2026-11-27 at 16.01.43

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне туристік қызмет үшін төленген қаражатты қайтару мәселесі бойынша тұтынушының өтініші келіп түсті.

Тұтынушы туристік қызметтер үшін жалпы сомасы 765 446 теңге көлемінде қаражат төлеген. Кейін сапардың тоқтатылуына байланысты 2026 жылғы 4 қыркүйекте туристік қызметтен бас тарту рәсімделіп, төленген қаражатты қайтару мәселесі көтерілген.

Ақшалай қаражаттың уақтылы қайтарылмауына байланысты 2026 жылғы 21 қыркүйекте тұтынушы өз құқықтарын қорғауға жәрдем көрсету туралы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

Департамент мамандары өтінішті белгіленген тәртіппен қарап, нәтижесінде мәселе реттелді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 765 446 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат тұтынушыға толық көлемде қайтарылды.

Осылайша, тұтынушының бұзылған құқығы сотқа дейінгі тәртіппен қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта тұтынушының аталған мәселе бойынша шағымы жоқ.

Бұл жағдай азаматтардың тұтынушылық құқықтарын қорғау үшін уақтылы жүгінудің маңыздылығын көрсетеді. Тауарларды сатып алуға немесе қызметтерді алуға байланысты даулар туындаған жағдайда тұтынушыларға төлемді растайтын құжаттарды, шарттарды, хат алмасуларды және даулы жағдайға қатысты өзге де материалдарды сақтап қою ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың өтініштерін қарау және тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмысты жалғастыруда.