Степногорск қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін дауыс беру қолжетімділігі қамтамасыз етілді
Степногорск қаласында республикалық референдумға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысу қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Әрбір азаматтың өз дауысын беруге конституциялық құқығын толық жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Қаладағы барлық дауыс беру учаскелері мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктерін ескере отырып дайындалды. Азаматтардың учаскелерге кедергісіз жетуі үшін арнайы «Инватакси» қызметі ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, есту қабілеті бұзылған азаматтарға ым-ишара тілінің мамандары көмектеседі. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жеке көмекшілер сүйемелдеп, олардың дауыс беру учаскесіне кедергісіз барып, дауыс беруіне қолдау көрсетуде.
Денсаулығына байланысты учаскеге өз бетінше келе алмайтын тұрғындар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Азаматтардың өтініштері негізінде учаскелік комиссия мүшелері үйлеріне барып, олардың дауыс беруіне жағдай жасауда.
Осылайша, Степногорск қаласында референдумға қатысу әрбір тұрғын үшін қолжетімді, ыңғайлы және тең болуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.