Облыста құтқарушылар тұрғындарды жұқа мұзға шықпауға шақырды

WhatsApp Image 2025-11-12 at 08.31.11

Өңірде мұз қату кезеңінде су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар күшейтілді. 1 қарашадан бастап «Мұз-2025» республикалық акциясы бастау алды. Оның аясында құтқарушылар күн сайын тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Абланов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Спикердің мәлімдеуінше, аңшылық және балық аулау маусымы басталғалы бері полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 1,5 мыңнан астам рейд пен патрульдік іс-шаралар өткізілген. Нәтижесінде мұз үстіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Үнемі ескерту жасап келе жатқанымызға қарамастан, адамдардың жұқа мұзға шығу деректері әлі де кездесуде. Күзгі мұз көзге мықты көрінгенімен, оның қалыңдығы әлі жеткіліксіз. Бір қате қадам – қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін», – деп атап өтті Бақыт Абланов.
Сонымен қатар, департамент ақпараттық жұмыстарды да күшейтті. Мәселен, радио арқылы хабарламалар, түсіндіру кездесулері өткізілді, жадынамалар мен парақшалар таратылды, БАҚ пен әлеуметтік желілерде материалдар жарияланды. Сондай-ақ мессенджерлердегі ата-аналар және аудандық чаттар арқылы ауа райы мен мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері жөнінде жедел хабарламалар жолданып отыр.
«WhatsApp және Telegram сияқты арналары арқылы ақпаратты тұрғындарға тез жеткізуге болады. Бұл, әсіресе, ата-аналар мен қысқы балық аулауды ұнататындар үшін өте маңызды. Біз мүмкіндігінше кең аудиторияны қамтуға тырысамыз», – деді спикер.
Бұдан бөлек, жұқа мұз кезеңінде бір адам қаза тапқан жағдай тіркелді. Шортанды ауданында ер адам қалыңдығы 7 сантиметрден аспайтын мұзға шығып, суға түсіп кеткен. Ал адам үшін қауіпсіз мұз қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы қажет.
Бақыт Абланов өңір тұрғындарына қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрап, үндеу жасады:
«Есіңізде болсын: жұқа мұзға шығу – әрдайым тәуекел. Бүгін балық аулаудан бас тартқан дұрыс, себебі өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Қайғылы жағдайдың алдын алу – оның салдарын жоюдан әлдеқайда маңызды», – деп түйіндеді ол.

Дереккөз: Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ru_RUРусский